Күн жылына елді мекендерді қар суының басу қаупі артады. Осы жағдайдың алдын алу мақсатында Железин ауданының орталығында қар шығару жұмысы қарқын алған.
Железинка ауылы әкімдігінің мәліметінше, қар шығару жұмыстары алдымен орталық көшелерде және су басу қаупі жоғары аумақтарда жүргізілуде. Бұл жұмыстарды «Площик» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асыруда. Көшелерді қардан тазарту жұмыстарына 7 арнайы техника жұмылдырылған. Соңғы екі күннің ішінде 300 текше метрден астам қар шығарылған.
Қардың уақтылы шығарылуы еріген судың кедергісіз ағуына мүмкіндік беріп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басудан қорғауға септігін тигізеді. Сондықтан мамандар алдағы уақытта да қар шығаруды тұрақты түрде жалғастырмақ. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдігі ауыл тұрғындарын, кәсіпкерлер мен ғимарат иелерін өздеріне тиесілі аумақтардағы қарды тазалау және шығару жұмыстарын ұйымдастыруға шақырып отыр. Жалпы, көктемгі су тасқынының алдын алу тек жауапты мекемелердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті екені әкімдіктегілер ескертуде.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Железин ауданы.
