Баянауыл ауданының балаларына өрт қауіпсіздігі шаралары түсіндірілуде. Осы мақсатта «Бірыңғай өрт қауіпсіздігі күні» акциясы ұйымдастырылып, төтенше жағдай саласының мамандары балабақшалар мен мектептерді аралауда.
Бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған игі шара алдымен аудандағы мектепке дейінгі мекемелерде өтті. Баянауылдық өрт сөндірушілер балғындарға тілсіз жаудың алдын алу жолдарын түсіндіріп, аяқ астынан төтенше жағдай орын алған жағдайда не істеу керектігін үйретті. Сонымен қатар, мамандар балаларға өрт сөндіру көліктері мен арнайы құрал-жабдықтарын таныстырды. Бұл шара жеткіншектер үшін өте қызықты әрі пайдалы болды, дейді тәрбиешілер. Бұдан кейін аталған акция мектептерде жалғасын тапты. Мұндай шараның бірі Майқайыңдағы №2 жалпы орта білім беру мектебінде де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кент оқушылары үшін Баянауыл ауданындағы №21 өрт сөндіру бекетінде арнайы экскурсия өткізілді. Шара барысында шәкірттер өрт сөндірушілердің көпшілік біле бермейтін жанкешті жұмысымен жан-жақты танысып, үлкен әсермен тарқасты, дейді мұғалімдер.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы.
