Қыс айларында тұрғындардың мұз айдындарына баруы қауіпті екені белгілі. Осыған орай Баянауыл ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім қызметкерлері Торайғыр көліне рейд жасап, жергілікті халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда Торайғыр көлінің бетіндегі мұздың қалыңдығы 35 сантиметр екені белгілілі болды. Бұл көрсеткіш қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Десе де, тұрғындар өте абай болғаны жөн, дейді мамандар. Олардың айтуынша, мұздың қалыңдығы 10-12 сантиметрден кем болса, үстіне шығуға мүлдем болмайды. Сондай-ақ, мұздың бетінде жүгірмеген, секірмеген жөн. Ал көлікпен тек рұқсат етілген өткелден ғана өту қажет. Қауіп төнген жағдайда бірден 112 нөміріне қоңырау шалып, көмек сұраған абзал.
Баянауылдық төтенше жағдай саласының мамандары бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай жалғастырып, халықтың қауіпсіздігін бақылауда ұстайтындықтарын алға тартты.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы.
