Қауіпсіз әрі сапалы жол

Нау 5, 2026

Аққулы ауданында Павлодар облысы прокуратурасының бастамасымен «Айқын нәтиже» профилактикалық шаралар кешені аясында кезекті жұмыс кеңесі өтті. Жиын барысында республикалық маңызы бар Омбы-Майқапшағай автожолындағы апаттық жағдайларға әсер ететін теріс факторларды жою мәселелері қаралды.

Кеңеске аудандық және көлік прокуратурасының өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының мамандары қатысты. Басқосуда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланып, қатысушылар өздерінің пікірлерімен бөлісті. Комиссиялық тексеру барысында жол жүру бөлігіндегі бірқатар мәселелерді жедел шешу қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, арнайы техника мен жабдықтар қарқының ұлғайту, қосымша жарық шамдарын орнату, жол белгілерін жаңарту және құқықбұзушылықты тіркейтін бейнебақылау камераларын қою ұсынылды. Сонымен қатар жол жабынын ылғалдан уақытылы тазалау арқылы мұз қатудың алдын алу, апаттық учаскелерге жаңа жол таңбаларын салу мен қоршаулар орнату, автопатруль қызметін күшейту қажет екендігі атап өтілді. Бұдан бөлек, көлік жүретін жолдардың маңында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол бермеу талап етілді. Тексеру қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларына ықпал ететін себептерді жоюдың нақты мерзімдері белгіленіп, тиісті нұсқамалар енгізілді.

Н.ҚАЛЫБЕК.

Аққулы ауданы.