Қауіпті аумақтар қадағалануда

Нау 27, 2025

Баянауыл ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда барлық ауылдық округ аймағында су өткізгіш құбырлар тазартылуда.

Таяуда аудан әкімі Ардақ Кісентаев өңірдегі Ащысу, Айдос, Бала-Шідерті, Қарасу өзендерінің алқаптарындағы, сондай-ақ Қарағанды облысымен шектесетін аумақтардағы су басу қаупі бар жерлерді әуеден барлау арқылы тексеріп шықты.

— Күннің күрт жылынуы таудан аққан және еріген сулардың қозғалысына байланысты өзендердегі су деңгейінің көтерілу қаупін арттырады. Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекбаевпен бірлесіп, Баянауылға қауіп төндіретін осы өңірдің «Ақжар» және «Қаратоқа» бөгеттеріне тексеру жүргіздік. Жергілікті жерде су деңгейі аяқ астынан көтерілсе және толып кеткен жағдайда жасалатын бірлескен іс-қимыл алгоритмі келісілді. Барлық гидротехникалық құрылыс штаттық режимде жұмыс істейтініне көз жеткіздік, — дейді аудан басшысы.

Әуеден зерттеу барысында бірқатар тәуекелдер анықталып, тиісті шешімдер қабылданған. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасып, су тасқыны қаупі бар аймақтарға тұрақты түрде мониторинг жасалуда.

Н.АҚЫТЕГІ.