Облыста күзгі жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шаруалар үшін әр күн — қысқа азық. Сондықтан олар уақыт оздырмай өнім жинап алу үшін барын салып, тынбай еңбек етуде.
— 2014 жылы қалалық өмірімді ауылдыққа ауыстырдым. Шарбақтының Хмельницкий елді мекеніне көшіп келдік. Оған дейін Павлодар қаласында зауытта жұмыс істедім. Негізгі мамандығым – техник-металлург. Шеберге дейін көтерілдім. Табысым да жақсы еді. Бірақ, ауылда туып-өскен соң, ауылға барып, жеке іспен айналысуды қаладым, — дейді кейіпкеріміз. Алты жылдай Ардақ ет сатуды кәсіп етіпті. Алғашында Ресейден әкеліп, сатқан. Одан кейін ауылдықтардан алып, қалаға өткізген. Осылайша, ет сатудың барлық қыр-сырын меңгеріп алған азамат енді малды өзі өсіргенді жөн көреді.
— 2020 жылы ауылдық әкімдіктен кәсіп бастағысы келетіндерге қайтарымсыз қаржы берілетінін білдім. «Бастау»-мен білім алып, «Шыңғыс» деген жеке кәсіпкерлігімді аштым. 532 мың теңге көлемінде грантқа ие болдым. Бұл қаржыға екі сиыр сатып алдым. Бүгінде ірі қараның басы 12-ге жетті. Келесі жылы бәрі төл берсе, оларды жемдеп, өткізсем, таза табысқа шыға аламын, — дейді еңбегінің жемісімен бөліскен кәсіпкер. Ардақ Қабденов қазіргі жағдайына мемлекеттің қолдауымен жетіп отырғанын қуана айтты. Олай деуінің жөні бар. Ол биыл тағы да мемлекеттің көмегіне жүгінген. Нақтысы, «Ауыл аманаты» атты жастарға арналған бағдарлама бойынша 2,5 пайызбен несие алды.
— Жылқы өсіруді де қолға алдым. Мемлекеттің қолдауымен 7 жылға 5 млн теңге несие алдым. Өте тиімді. 10 бас жылқы сатып алдым. Бағдарламаның талабы жас мал алу болды. Енді алған жылқыдан төл алсам, құлындарды семіртіп, етке өткізіп, табыстың тағы бір көзіне көшемін. Одан бөлек, алдағы жылы бие ұстап, іргеміздегі Маралды курорттық аймағына келетін демалушыларға саумал, қымыз ұсынсам деген жоспарым бар. Демалыс күндері, жаздың ыстық күндері 3-5 мыңға дейін адам көл жағасынан сая тауып, тынығады, — дейді А.Қабденов. Қорадағы малына қыстың жем-шөбін де дайындап алыпты. Қуаңшылық аса қиындық тудырған жоқ, дейді. Соңғы күндері жауған жаңбыр, күннің жылынуы көктің қайта көтерілуіне себеп болғанын айтады. Бес бала өсіріп отырған кәсіпкер бүгінде ауылына да қолғабыс жасауда. Айтуынша, ауылда мешіт жанынан ашылатын асханаға жылуды ұзақ сақтайтын пеш сыйламақ. Одан бөлек, аз қамтылған отбасыларға шамасына қарай жәрдем беруде. Жас кәсіпкер бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Әлі де кеңею ойында бар. Ардақ Қабденов замандастарына мемлекеттің қолдауымен еш қорықпастан кәсіп бастауға кеңес береді.
Шарбақты ауданы.