Бір өңірден екіншісіне қоныс аудару айтуға оңай болғанымен, біраз қиындықтары бары анық. Осыны ескерген железиндіктер еліміздің оңтүстігінен көшіп келген азаматтар мен қандастарға қолдау көрсетіп, қоғамдық қабылдау өткізді.
Мұндай кездесу «Айбат» жастар бастамаларын дамыту орталығында ұйымдастырылған. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Райхан Усинаның әлеуметтік желідегі парақшасында жазылған. Қоғамдық қабылдауға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының жетекшісі Заут Болат және облыстық Еңбек мобильдігі орталығының миграциялық оқыту және кәсіби бастамалар бөлімінің басшысы Ринат Қарамбаев спикер ретінде қатысты.
Қатысушыларға көші-қон заңнама-сындағы өзекті өзгерістер, V Құрылтайдың шешімдері, «Экономикалық мобильдік сертификатын» алу тәртібі мен мемлекет тарапынан көрсетілетін өзге де қолдау шаралары түсіндірілген. Ішкі көші-қон бағдарламасының қатысушыларымен өткен пікір алмасу барысында қоныс аударушыларды қолдауға қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстар талқыланды. Қатысушылар оңтүстік өңірлерден жаңа отбасыларды тарту ісінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді.
Г.МАҒЖАН.