Маусым айындағы дауыл Баянауыл ауданында да қатты болғанын білеміз. Әсіресе, Майқайың кентіне залал келтірді. Мұнда 19 көпқабатты үй мен екі әлеуметтік нысанның шатырын ұшырып түсірген.
Екпінді дауыл кенттегі әлеуметтік нысандар ішінде Мұхтар Әуезов атындағы мектеп пен «Нұрбөбек» балабақшасының шатырын ішінара жұлып әкеткен. Бес қабатты бір үй мен екі қабатты бір үйдің шатырына жартылай зақым келтірген. Ал қалған нысандарда аздап зиян келтірген. Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаевтың айтуынша, төрт нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жуырда тағы екі бригада келіп, күш көбейеді. Дауыл кенттегі ағаштарды да құлатқан. Жергілікті әкімдік желден кейін елді мекендегі қоқыстарды, құлаған ағаштарды бірден шығарған көрінеді. Енді шатырларды қалпына келтіру жұмыстары шамамен екі аптада толық аяқталады деп күтілуде.
Г.МАҒЖАН.