Соңғы уақытта Екібастұз қаласының ішінде қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмысына қатысты тұрғындардың сын-ескертпесі көбейді. Жолаушылардың аялдамалардың хабарланбауынан бастап автобус ішіндегі тазалық пен жүргізушілердің мәдениетіне дейінгі мәселелерге көңілі тола бермейді.

Көпшілік наразылықтарын әлеуметтік желі арқылы қарша боратты. Жекелеген маршруттардың кестеден кеш келуі, жолаушылардың қауіпсіздігіне бей-жай қарауы, тіпті кейбір жүргізушілердің сөйлеу әдебін білмеуі сынды жайттарға шағым жиі түседі. Мұны ескерген шаһар басшысы Аян Бейсекин жолаушылармен тасымалдаушы кәсіпорын өкілдерінің, осы іске жауапты бөлім басшылығының қатысуымен жиын өткізді. Оларға барлық ескертуді қысқа мерзімде жою жүктелді. Кейбір жағдайлар бойынша тексерістер жүргізу тапсырылды. Тасымалдау сапасын бағалау мақсатында қала әкімі де қоғамдық көлікпен жүріп, тұрғындардың талап- тілегіне құлақ түрмек.

— Биыл облыс басшылығының қолдауымен автобус паркі 20 автобуспен толықты. Келесі жылы тағы 25 автобус әкелу жоспарлануда. Бұл сұранысқа ие бағыттар бойынша қосымша автобустарды қосуға, автобустардың жүру аралығын қысқартуға мүмкіндік береді, — дейді шаһар басшысы. Жалпы, Екібастұз қаласының дамып, жаңа шағын аудандардың бой көтеріп келе жатқанын ескерсек, қоғамдық көлік қатынасын реттеу – кезек күттірмейтін мәселе. Жергілікті билік автобустарды сатып алу арқылы оның оңтайлы шешімін тауып, жаңа бағыттарды қосуды ойластырып отыр.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.