Павлодарлық шаруалар ел Президенті атына хат жолдап, төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Қуаңшылық салдарынан егіс алқабы күйіп кетіп, шабындық жер тапшы. Төрт түлігін түлеткен ағайын малдарын арзан бағаға сата бастаған. Мұнымен мәселе шешіле қоймас.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Шаруалардан маза кетті

Биыл табиғаттың тосын мінезі шаруаларды әбден әбігерге салды. Әуелі Ертіс өзенінің көктемгі тасу деңгейі төмен болып, жайылымдарға су аз жайылды. Тіпті, кейбір аудандардағы алқапқа мүлдем жеткен жоқ. Бұл – тоғайдың шүйгінді шөбінен қол үзу деген сөз. Ол аздай, аптап ыстықта жауын жаумаған соң қырдағы шөп те күйіп кетті. Қыстың қамын жаз ойла-
ған шаруалар мал азығын дайындай алмаймыз деп алаңдаулы. Диқандар да мол шығынға батамыз деп қайғырып отыр. Тығырыққа тірелген ағайын өңірде төтенше жағдай жариялап, әкімдіктен көмек сұрауда. Негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып табылатын Май ауданының тұрғындарынан маза кетіп, ұйқы қашқан. Әсіресе, ұзақ жылдар бойы төрт түлігін түлетіп отырған шаруалардың жағдайы мүшкіл. Малдарын арзан бағаға сатуға мәжбүр. Шаруалардың бірі Дастан Оспанов төрт түлігіміз қыстан аман шықпай ма деп алаңдаулы.

– Қырда шабатын көк жоқ. Шөп бар-ау деген жерді шабайық десек, ол жердің иесі бар. Оған кіргізбейді. Шөп алайық десек, бағасы қымбат. Шаруалар жыл сайын Ертіс өзенінің бойындағы алқаптан малдың жем-шөбін дайындайтын. Бірақ биыл өзен суы да тасымаған жоқ. Шабындық әбден құрғап қалды. Ауылдағы ағайын амалдың жоқтығынан мал басын азайтып жатыр, – дейді ол. Шаруашылық басшысы Дәулет Мұхаммедрахим де мұңын шағып, жағымсыз жағдайдың оң шешілуін сұрайды.

– Қуаңшылық деген қорқыныш күні-түні ойымызда жүр. Шөп шабуға кіріскен азаматтар сапасы төмен екенін алға тартып отыр. Наурыздың соңынан бері жауын-шашын болмады, –
дейді шаруа. Тағы бір шаруа Қайыржан Маралов жауапты тұлғалар бұл мәселеге дұрыс назар аудармай отырғанына өкпелі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев Май ауданында өзен алқабынан бөлек, қырда шөп шабуға арналған үлкен шабындық бар екенін алға тартып отыр.

– Бұл алқап шаруалардың малын толық қамтуға жеткілікті. Бірақ мәселе жоқ емес. Биыл жер қурап, шөптің шығымдылығы аз болды. Көмек ретінде алғаш рет шаруаларға жем-шөп дайындауға арзандатылған 4 мың тонна жанар-жағармай бөлінеді. Шаруаларға жем-шөп дайындау үшін 2 миллиард теңгеге жуық қаражатқа субсидия беріледі, – дейді Т.Көшербаев.

 

Субсидия мәселені шеше ме?

Жоғарыда диқаншылар да мол шығынға ұшыраймыз деп үрейленіп отырғанын жаздық. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, аймағы-мыздағы ірі көкөніс өсірушілердің бірі Зейнолла Сәлменбаев иелігіндегі 30 мың гектар алқабының 80 пайызы күйіп кеткенін айтады. Бұл ретте, ол өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Яғни, сол кезде Үкіметтен әлдебір көмек болуы мүмкін. Бұл – барлық диқандардың тілегі. Суармалы алқапты дамытып отырған ірі шаруашылықтардың өзі дабыл қағып отырғанда ұсақ шаруалардың жағдайы не болмақ? Успен ауданы Тимирязево ауылын-дағы 5 шаруашылық биыл 20 мың гектарға жуық дәнді дақылдар еккен. Оның шамамен 70 пайызы күйіп кеткен. «Анна» шаруа қожалығының басшысы Сергей Саруджидидің айтуынша, иелігіндегі 4500 гектар алқаптан өнім шықпайды.

– Мамыр айында күн қатты ыстық болды. Жердің бәрі күйіп кетті. Өнім жинаймыз деген үміт үзілді. Былтыр сақтандыруға қойылған жерлерден де қайыр жоқ. Ресейдің көршіліс орналасқан Новосібір, Алтай өңірлерінде біздегі ұқсас жағдайға байланысты төтенше жағдай жарияланыпты. Біздің өңірде де осындай жұмыстар қолға алынуы керек, – дейді диқан. Бұл мәселе аймағымызда жұмыс сапарымен жүрген Парламент Мәжілісі депуттарының қатысуымен өткен кездесулерде де көтерілді. Депутат Нұржан Әшімбетов облыс әкімі Асайын Байхановпен кездесіп, мәселені шешу жолын қарастырғанын айтады.

– Бірқатар ауданда болдым. Егістік алқабының жағдайы нашар. Облыс әкімі Асайын Байхановпен кездесу барысында 2 млрд теңгеге дейін субсидия беру мүмкіндігі бар екені айтылды. Бірақ ережеге сәйкес, төтенше жағдай жариялануы тиіс. Егістік алқабының жай-күйін анықтау мақсатында аудандарға комиссия жіберілді, – дейді Н.Әшімбетов. Аймақ басшысы Асайын Байханов Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында қуаңшылық мәселесін назарда ұстап отырғанын жеткізді. Белгілі болғандай, биыл өңірдегі егіс алқабы 980 мың гектарды құрайды. Оның тек 127 мың гектары ғана қанағаттанарлық деңгейде. 88 мың гектары нашар күйде. Тіпті, кейбір алқаптан өнім мүлдем жиналмайды деген болжам бар. Жарамсыз қалған 26 мың гектар алқап Павлодар және Успен аудандарына тиесілі. Қорыта айтсақ, қуаңшылық тұрғындарға ғана емес, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зардабын тигізгелі отыр. «Табиғаттың тосын мінезі» деп қол қусырып отыруға болмас. Әр гектардың өнімі, шөбі — қысқыға азық. Бұл ретте, әкімдіктегілер тығырықтан шығудың оң жолын қарастырады деген сенім мол.