Жаңа жыл қарсаңында Ертіс ауданының тұрғындары қуанышты сәттің куәсі болды. Қызылағаш ауылындағы жұртшылықтың тілегі орындалып, жаңа мәдениет үйінің есігі ашылды.
Салтанатты шараға Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, аудан әкімі Нығман Жүсіпов, ауыл тұрғындары қатысты. Серік Барлыбайұлы жергілікті жұртшылықты тарихи сәтпен құттықтап, жаңа нысан ауылдың әлеуметтік тұрғыдан дамытуда маңызды қадам екенін атап өтті.
Мәдениет үйінде көрермен залы, үйірмелер мен шығармашылық бірлес-тіктерге арналған бөлмелер, дайындық жасауға арналған және көрме алаңдары бар. Енді ауыл тұрғындары мерекелік кештерді, сахналық қойылымдарды, мәдени кештерді заманауи мәдениет үйінде тамашалайтын болады. Жаңа нысанның бой көтеруі үшін облыстық бюджеттен 271,5 млн теңге бөлінген. Елді мекенде 300-ге жуық адам тұрады. Жергілікті жұртшылық ауылдағы игі іске ризашылықтарын жеткізді.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
Ертіс ауданы.
