Қымызымен қуат берген

Ақп 27, 2025

Баянауыл өңірінде мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін ашып, нәсібін көріп отырған азаматтар аз емес. Солардың бірі – «Баянауыл қымызы» деген брендімен есімі елге таныла бастаған Ернар Қалымбек.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, әке жолын қуған ол мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша 1 мил-
лион 200 мың теңге көлемінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастап кеткен. Кәсіпкердің айтуынша, аталған қаржыға сауын аппараты мен күбі пісетін арнайы құрылғы сатып алған. Сөйтіп, бүгінгі таңда қымыз өндірісін жандандыруда.

— Қымыз дайындаудың да өзіндік қыр-сыры бар. Оны бабында ұстап тұру үшін екі сағат сайын үзбей пісіп отыру керек. Қуантарлығы, мемлекеттен алған қаражатқа сатып алған жаңа құрылғының көп көмегі тиіп жатыр. Яғни, жұмысымыз әжептәуір жеңілдеп қалды десем болады. Бастысы, қазіргі таңда қымызымызға сұраныс өте жоғары. Тіпті, Астана, Қарағанды, Ақтау, басқа да облыстан тыс қалалардан хабарласып, тапсырыс бере-тіндер баршылық. Оларға өнімдерімізді жеткізу қызметі арқылы салып жібереміз, — дейді ол. Оның айтуынша, бие байлап, қымыз ашыту ісі оған бала кезінен жақсы таныс. Сондықтан да болар, Ернар Қалымбек осы кәсіппен айналысуды жөн санаған. Бүгінде соның жемісін көріп отырған жайы бар.

Атап өтерлігі, бұл отбасы көктем, жаз, күз мезгілінде жиырмаға тарта бие сауып, күн сайын 30 литрден астам саумал алады. Одан қымыз ашытып, дайын болған өнімдерді «Баянауыл қымызы» деген жазуы бар құтылармен сатуға шығаруда.

Осылайша, денсаулыққа пайдалы, дертке шипалы ұлттық сусын өндірісін өркендетіп отырған кәсіпкер алдағы уақытта өз өнімдерін Қазақстанның барлық өңіріне ұсынып, брендке айналдыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ол көктем шыға салысымен тағы да бие санын көбейтіп, қосымша құрылғылар алып, бұдан көп көлемде қымыз шығаруды мақсат етуде.

Халқына қымызымен қуат берген баянауылдық жас кәсіпкердің қолына алған ісіне сәттілік тілеп, асығың алшысынан түсе берсін
дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.