Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл медицинасын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдағы ағайын елді мекендегі оң өзгерістерге риза. Медициналық мекемелері жоқ ауылдарда жаңа нысандар ашылып, толық жарақтандырылуда.

Шыны керек, 30 жылда отандық денсаулық сақтау саласында аз жұмыс атқарылмады. Әсіресе, әлемді жайлаған пандемия кезінде медицина саласына ерекше көңіл бөлінді. Жылдағыдай емес, былтырдан бастап мемлекеттен бөлінетін қаржы да көбейді. Бұрыннан келе жатқан түйткілді мәселенің түйінін тарқатуда Президент тапсырмасының ықпалы артты.

Көп ауылдағы инфрақұры-лымның тозығы жеткені рас. Өткен жылдың соңында Ертіс ауданындағы екі ауылда көптен күткен медициналық пункт ашылып, тағы бір ауылда дәрігерлік амбулатория тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.

Жаңа жыл қарсаңында Қарақұдық және Қызылағаш ауылдарының жұртшылығы қуанышқа кенелді. Қарақұдық ауылының тұрғындары ауа райының суығына қарамастан елді мекенде соңғы 40 жылда тұңғыш рет бой көтерген әлеуметтік нысанның ашылуына түгел жиналды. 50-60 жыл көлемінде ескі ғимаратта орналасқан медициналық пункт апатты жағдайға жеткен соң, ауыл халқы аудан орталығына барып ем іздеген. Сондықтан сапалы медициналық қызметке қол жеткізіп отырған жұртшылықтың қуанышында шек болмады.

Жаңа медициналық пункттің құрылысына республикалық бюджеттен 142 млн теңге жұмсалған. Жауапты мердігер «Айти Инвест» ЖШС өткен жылы наурыз айында бастаған жұмысты уақытылы тапсырған. Нысанда тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай қарастырылған. Бұл ретте ем-шара кабинеті, физио кабинеті, дезинфекциялау құралдарын сақтау қоймасы, дәріхана және тіркеу бөлімі бар. Сонымен қатар, жүрек, құлақ, қан тамырларын зерттеуге арналған құрылғылардың бәрі орнатылған.

Бүгінде Қарақұдық ауылында 266 адам тұрады. Оның ішінде 193 ересек, 63 бала және 15 мүмкіндігі шектеулі жан бар.

Дәл осындай заманауи медициналық пункт Қызыл-ағаш ауылында бой көтерді. Бұл жобаға республикалық қазынадан 144 млн теңге бағытталған. Жаңа нысан ауылдағы 400-ге жуық адамға қызмет көрсететін болады.

— Ауылдағы халықтың денсаулығын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отырғаны қуан-тады. Өзім ауылда 42 жыл дәрігер болып еңбек еттім. Ауылдағы жас мамандар енді қаладағыдан кем емес жаңа нысанда еңбек етеді. Өте қуаныштымын. Жергілікті халық та ауырғанда аудан орталығына жүгірмейтін болды. Жаңа нысанның ішін көріп, қызығып отырмын. Ауылдарымыз гүлдене берсін, — дейді зейнеткер Фатима Мақанова.

Иә, ауылдағы мұндай игі іс ұлт саулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға бастайды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА, Ертіс ауданы.