Ақсу қаласындағы емхананың екі ғимаратын біріктіретін жабық өткел галереясының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде емханаға келушілер мен дәрігерлерге қолайлы жағдай жасалмақ.
Бұған дейін науқастар талдама тапсырып, дәрігердің қабылдауына бару үшін ғимараттар арасында табан тоздыратын. Әсіресе, қысқы уақытта бір корпустан шығып, екіншісіне бару қиындық тудыратын-ды. Енді тұрғындар мен ақ желеңділерге жайлы жағдай жасау үшін ғимараттардың арасын жалғайтын жабық өткел салынуда. Таяуда қала әкімі Болатбек Шәріпов құрылыс алаңына тағы бір мәрте барып қайтты.
Бүгінгі таңда мұнда әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Кәріз, жылыту жүйелері мен басқа да инженерлік желілерді тарту бойынша жұмыстар аяқталуға таяу. Құрылыс материалдарының барлығы толық көлемде жеткізілді. Шаһар басшысының айтуынша, жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес қатаң түрде жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, аталмыш жобаға облыстық бюджеттен 198 млн теңге бөлінді. Жабық галереяда тегін дәрі-дәрмекті сақтайтын орын, дәрігерге дейінгі қабылдау, скрининг, психолог кабинеттері де орналасады.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.