Құс шаруашылығы — тез дамитын әрі тиімді сала. Қазіргі таңда экологиялық таза құс өсіру шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатары артып келеді. Солардың бірі — бірнеше жылдан бері әртүрлі құс тұқымдасының ерекшелігін зерттеп, үй жағдайында оларға қалай күтім жасау керек екенін жақсы үйренген Май ауданының тұрғыны Мақсат Жапанов.
Мақсат Жапанов — Түркістан облысы Кентау қаласының тумасы. Сол жерде қызмет етіп, кейін шаңырақ көтеріп, балалы болды. Алайда туған өлкесінің ауа райы денсаулығына кері әсерін тигізді. Сөйтіп, ойлана келе солтүстікке, оның ішінде Павлодар облысына қоныс аударуды жөн санайды. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарлама аясында Май ауданы Ақжар ауылына көшіп келген. Жергілікті билік қоныс аударушының отбасын тұрғын үймен, ал жұбайын жұмыспен қамтыды. Ол ауылдық мектепте бастауыш сыныбының мұғалімі болып жұмысқа кірісті.
— Май ауданы Ақжар ауылына отбасымызбен 2023 жылдың тамыз айында келдік. Келген соң бірден мемлекеттік тұрғын үй қолдауына ие болдық. Сол жылдың қазан айында кәсіпкерлерді қолдайтын мемлекеттік грантқа өтініш беріп, бір айдан соң 1 млн 380 мың теңге қаржылай көмек алдым. Сол қаржыға құс шаруа-шылығы ісін қолға алуды жөн санадым. Берілген сомаға алдымен балапандарға арналған брудерді және 180 жұмыртқаға арналған 2 инкубаторды, қалған қаражатқа құстарға арналған торларды сатып алдым, — дейді ол.
Кәсіпкер бүгінде 150-ге жуық құс алып, ресейлік кучинская, түкті және адлер тұқымды тауықты және қаздың бірнеше түрін өсіреді. Мақсат Қанайұлы олардың көпшілігін Алматы, Павлодар және Өскемен қалаларынан алып келсе, адлер тұқымды құс көршілес Ресей елінен жеткізілген.
— Үй құстары жемді көп жейді. Сондықтан оларға қарапайым жемді арнайы аппараттың көмегімен ұсақтап береміз. Ал балапандарға арналған жем-шөпті Семей қаласынан әкелеміз. Әзірге Павлодар қаласында мұндай жем жоқ. Құстың балапандары кішкентай әрі өте нәзік келеді. Олардың тұратын жерін таза ұстап, температурасы мен жарығын қадағалап, желдің өтінен сақтау керек. Алғашында балапанның жұмыртқалары инкубаторда үш аптадай тұрады. Кейін сыртқа шыққан соң 36 градус темпера-турадағы брудердің үстіне орналастырамыз. Онда бір апта тұрғаннан кейін 25 градустағы астына жібереміз. Ол жерді 7 күндей паналайды. Одан соң далаға шығарамыз, — дейді М.Жапанов.
Кәсіпкер, сондай-ақ құстардың еті мен жұмыртқасына сұраныс күн санап артып келе жатқанын айтады. Мәселен, құстың аталықтары шамамен 18-21 келі, ал аналықтары 14 келіге дейін ет береді. Бір балапанның орташа бағасы сапасына қарай 1 мың мен 10 мың теңге аралығында бағаланады.
— Тұрғындардың тарапынан сұраныс жоғары. Құстың өзін де алғысы келетін азаматтар баршылық. Күніне шамамен
50-100 жұмыртқа аламыз. Қарапайым жұмыртқаларды жергілікті дүкендердің бағасымен 50-60 теңгеден сатамыз, — деп кәсібінің барысымен бөлісті ол.
Кейіпкеріміз алдағы уақытта бұл кәсібін кеңейтіп, бастаған ісін одан әрі дамытуды қалайды. Ол үшін осы жылы да кәсіпкерлерді қолдайтын мемлекеттік грантқа өтініш беруді жоспарлап отыр.
Бетті әзірлеген — Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
Май ауданы.