Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыста «Үлгілі ауыл» жобасы өткізілді. Бұл жобаның басты мақсаты — өңірдегі елді мекендердің дамуын ынталандыру, халықтың өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ, ауылдық қауымдастықтардың бірлігі мен ынтымағын нығайту.
Бұл байқауды облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қолдауымен «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Мамыр айында басталған іріктеуге 20 ауыл өтінім берген. Оның ішінде 11 ауыл ақтық сынға жолдама алған. Үміткерлер 20-дан астам көрсеткіш бойынша бағаланды. Тек экология емес, сонымен бірге, әлеуметтік-экономикалық жағдай да ескерілді. Яғни, жұмыссыздықтың болмауы, отбасылардың беріктігі, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы, медициналық қызмет пен білім беру сапасы назарға алынған. Сондай-ақ, жасыл технологияларды қолдану, кәсіпкерлердің ауылды қолдауы, тазалық пен
көгалдандыру деңгейіне көңіл бөлінген.
– Бұл — облысымызда алғаш рет өткізіліп отырған байқау. Алғашқыда қатысушыларды тарту қиын болды. Дегенмен, соңында лайықты үміткерлер іріктелді. Ауылдар өз көрсеткіштерін құжаттар, фото және бейнематериалдар арқылы дәлелдеді. Кейін комиссия мүшелері барлық финалист ауылдарды аралап, жағдайды көзбен көріп қайтты, —
деді «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Светлана Могилюк .
Байқауға қатысқан Екібастұз өңіріндегі ірі елді мекендердің бірі – Шідерті кентінде 3056 адам тұрады. Мұнда бір мектеп, бір балабақша және бір шағын балалар ұйымы жұмыс істейді. Кент әкімі Алмас Насиковтың айтуынша, байқауға ауылда атқарылған барлық жұмыстар мен алдағы жоспарлар ұсынылған.
– 2024 жылы Шідерті кентінің балабақшасы жөндеуден өтті. Биыл Екібастұз қаласы әкімінің қолдауымен орталық саябақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Саябақ Республика күніне орай ашылады деп жоспарлануда. Бұл жобаға мемлекеттен 276 млн теңге бөлінді. Ал спорт алаңының құрылысы 2026 жылға жоспарланып отыр. Жоба аясында 245 метрлік жүгіру жолақтары, волейбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ балаларға арналған ролик тебу алаңы салынбақ. Осындай байқаулар жалғасын тапса екен деймін. «Үлгілі ауыл» байқауында қол жеткізген жетістік – бұрынғы әкімдердің еңбегінің, ауыл тұрғындарының бірлігінің арқасы. Халықтың қолдауы болмаса, бұл деңгейге жету мүмкін емес еді, – деді Алмас
Насиков.
Республикалық байқауға жолдаманы Павлодар облысындағы Шарбақты ауда-нының Орловка ауылы жеңіп алды. Сонымен қатар, екінші орынға Баянауыл ауданының Мәшһүр Жүсіп атындағы ауыл лайық деп танылды, ал үшінші орын Павлодар ауданының Ефремовка елді мекеніне бұйырды. Жеңімпаздарға 500 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Бұл қаражат ауылды дамытуға бағытталады. Сонымен қатар, үздік үштікке енген жеңімпаз ауылдарға облыс атынан қызметтік көліктер табыс етілді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.