Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешенінде атқарылатын міндеттер мен алдағы жоспарлар нақтыланды. Бұл орайда Ертіс-Баян өңірінің ауыл шаруашылығында жүзеге асырылатын жұмыстар баршылық. Өңір экономикасында аграрлық саланың алатын орны айрықша екені белгілі. Сондықтан аталған сала әрдайым мемлекет қолдауына ие болып, бұл бағытта нақты қамқорлық көрсетіліп келеді. Өңірдің аграрлық саласы заман талабына бейімделіп, суды ысырапсыз пайдалану жүйесін жолға қою мақсатында әртараптандыру шаралары қолға алынуда.
Президент тапсырмасына сәйкес ауыл маңындағы жайылымдар мен шабын-дықтардың сапалық жағдайы сарапталады. Оларды суландыру, қалпына келтіру кезең-кезеңімен ұйымдастыры-лады. Бұл ретте әр ауылдың маңындағы құдықтарын қалпына келтіру арқылы жайылымдарды жақсартудың жолдары белгіленді. Кейінгі жылдары су тапшылығынан жарамсыз болған шабын-дықтарды суландыру мүмкіндігі де қарастырылады. Жалпы, жыл соңына дейін елімізде тозығы жеткен 96 гидротехникалық құрылыс жөнделіп, пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, 1 млн-нан астам тұрғыны бар 426 елді мекенде ауыз- су сапасы жақсарады. Десе де, ауыл шаруашылығы әлі күнге дейін су тапшылығының машақатын тартып отыр. Кейбір өңірлерде агро салаға жұмсалуы тиіс тіршілік нәрінің 40 пайызы жерге сіңіп, текке ысырап болып жатыр. Себебі еліміздегі 3 жарым мыңдай каналдың жартысынан көбі әбден тозған. Мамандар «егер ысырапты тоқтатпасақ, 2040–ыншы жылға қарай тұтынуға жататын тіршілік нәрінің тең жартысынан айырылуымыз мүмкін» дейді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәлі-метінше, Үкіметтің 10 жыл ішінде қосымша 50 млн гектарды айналымға енгізу туралы тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігімен біріге отырып облыс аумағындағы шалғайда орналасқан жайылымдарды игеру, құдықтар мен ұңғымалар салу жөніндегі 2022-2030 жылдарға арналған жоспар жобасы жүзеге асуда. Осы жоспар аясында облыста құдықтар мен ұңғымаларды қалпына келтіру бойынша бірқатар іс-шаралар қабылданды.
Мәселен, «ҚазСуШар» РМК Павлодар филиалының директоры Төлеген Күлжановтың айтуынша, ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2022 жылдың басында Железин ауданында суармалы алқабына 10 Кв желісімен су құбыры және 2 толық трансформаторлық қосалқы станциялар пайдалануға берілді. Осылайша Железин ауданы Үйірлітүп ауылында орналасқан 732 гектар алаңда суармалы арнадан су беру жүзеге асырылуда. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өндірістік жем-шөп базасының тапшы-лығының азаюына мүмкіндік береді.
— Ертіс өзенімен байланысы бар жайылмаларға арнадан су жіберу жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылады. Мәселен, Май ауданы Майтүбек ауылында жалпы ауданы 1200 гектар суармалы учаске үшін инженерлік желілерді суару жүйесін қайта жаңарту, Қаратерек ауылындағы ауданы 4500 гектар учаскедегі суару жүйесін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Май ауданының Майтүбек және Қаратерек ауылдарындағы суару желілерін қайта жаңарту 5700 гектар егіс алқабына су беруге мүмкіндік береді. Екі жоба да аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылында «Жангөбек» ЖШС-не жалпы ауданы 1063 гектар суармалы учаске үшін инженерлік желілер салынуда. Жоба «ҚазСуШар» РМК Павлодар және Шығыс Қазақстан филиалдарының бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылып келеді. Нысан биыл пайдалануға беріледі, — деді филиал директоры.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «ҚазСуШар» РМК Павлодар филиалы балансында 6 су шаруашылық нысаны бар. 2011 жылы негізін қалаған аталмыш филиалдың басты қызметі — су шаруашылығы объектілерін пайдалану мен қалыпты күйде ұстау және ауызсу және суармалы су беруді қамтамасыз ету. Сондай-ақ, мекеме мамандарымен санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес ауыз- судың сапасына бақылау жүргізіледі. 2024 жылы Павлодар облысының әкімдігі және ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп «2030 жылға дейінгі Павлодар облысының суару жүйелерін дамыту» атты кешенді жоспарына қол қойылды, оған Шідерті магистральдық каналында, Шідерті су құбыры трактісінде, Қойлыбай лиман массивінде қайта жаңарту енгізілді.
— Май ауданында ауданды ауызсумен қамтамасыз ететін «Май топтық су құбырындағы» сорғы станциясы орналасқан. Ауданның ауызсумен жабдық-тауын жақсарту үшін 2030 жылға қарай су құбырын Май ауданының Майтүбек ауылының маңында салынатын екінші сорғы станция-сына қосу жоспарлануда. Аталған аудандағы Қойлыбай массивінде лиманды суару (14,6 мың га) күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, аудандағы 38 гидротехникалық және 6 су өткізу құрылыстары жөнделеді. 2025 жылы бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар аяқталуы тиіс. Күрделі жөндеу аймақтың барлық лимандарын сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, осы суды тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қыркүйек айының соңында су тасқыны кезеңіне дайындық үшін Ертіс өзені бойындағы «Бұқтырма су қоймасынан» су ағызу басталады, бұл көктемде еріген суды қабылдауға орын босатуға және Ертіс өзенінің жағдайын жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар, Павлодар облысында су аз кезеңде Павлодар жайылмасының су басқан шалғындарын кепілдікпен қамтамасыз ету және Қаныш Сәтбаев атындағы канал арқылы Орталық Қазақстан өңірлеріне ауызсуды үздіксіз беру үшін жаңа су қоймасын салу жоспарлануда, — деді Т.Күлжанов.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.