Тереңкөл ауданына қарасты елді мекендерде әлеуметтік нысандарды жөндеу мен салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған қоса, ауыл ішіндегі жолдарға асфальт төселіп, көше бойында жарық шамдары орнатылуда. Ал бұл уақытта шаруалар егістіктегі негізгі жұмыстарды аяқтауға таяу.
Алғаш рет егілді
Жуырда облыс әкімі Асайын Байханов Тереңкөл ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірде атқарылып жатқан істердің барысын байқады. Аймақ басшысы Береговое ауылында жергілікті шаруалармен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Атап өтерлігі, биыл ауданда жаңа тәжірибе басталды. Былтыр бірінші болып Аққулы ауданы соя салса, осы жылы бұл тәжірибені тереңкөлдік шаруалар іліп әкетті. Тіпті, әу баста жоспарлаған 200 гектардан асырып, 800 гектар аумаққа тұқым салды.
— Биыл егіс алқабының көлемі 317,2 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 114 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда 136,7 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егілді. Сұлы, арпа, жүгері, күнбағыс, зығыр, қыша және соя егу жұмыстары аяқталды. Қарақұмық, тары, бұршақ және рапс дақылдарын егу жұмыстары жүргізілуде. Суару жүйесін дамыту шаралары да қарастырылды. 2025 жылы суармалы жерлердің көлемін
8 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 740 трактор жұмылдырылған, Оған қоса, 1,3 млрд тең-геден астам сомаға қосымша 19 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Диқаншыларды қолдау үшін 5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, 13,8 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды, — деді аудан әкімі Азамат Маңғұтов.
Сонымен қатар, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша жалпы 2,4 млрд теңгеден астам сомаға 25 несие берілді. «Тереңкөл КТ» АҚ арқылы 632 млн теңгеге 30 шаруашылық қаржыландырылды. Ағымдағы жылдың басынан ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1 млрд 218 млн теңге субсидия төленді. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдауды жалғастыруды, уақытылы субсидиялауды және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің цифрлық мониторингі бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Асайын Байханов сапар барысында 2,5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын өңдейтін «Шаров» шаруа қожалығына да барды. Сонымен қатар, Германиядан әкелінген асыл тұқымды «Дорпер» қойларын өсіруге маманданған «TAWA AGRO ШҚ» ЖШС-де болды. Асайын Байханов асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуын жоғары бағалап, шаруашылықты кеңейту мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.
Күрделі жөндеу жүргізілуде
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы Тереңкөл ауданындағы екі ауыл – Песчан мен Ивановка ауылдарына жетті. Соның аясында екі елді мекенде ауқымды іс қолға алынды.
– Песчаное ауылындағы №2 мектебін жөндеуге 65 миллион теңге, балабақшаны қалпына келтіруге
273 миллион теңге бөлінді. Оған қоса, 611 миллион теңге сомасына дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Көшелерге жарық шамдарын орнатуға 100 миллион теңге қарастырылды. Ауыл ішіндегі 4,5 шақырым болатын көше жолын жөндеп, асфальт төсеуге 203 жұмсалмақ, — деп қаржының жұмсалуы бойынша есеп берді аудан әкімі.
Облыс әкімі Песчан ауылындағы «Балдырған» балабақшасына барып, жұмыс барысын тексерді. 1976 жылы негізі қаланған ғимарат осыдан 20 жыл бұрын жөнделген. Содан бері мұнда күрделі жұмыстар жүргізілген емес. Бүгінде мектепке дейінгі мекемеде 80 бала тәрбиеленіп, 11 педагог қызмет етеді. Мұнда алты жатын бөлмесі, музыка және дене шынықтыру залы, әдістемелік, логопед, қазақ тілі, психолог кабинеттері мен медициналық блок бар. Жоспар бойынша, тиісті жұмыстарды 10 тамызға дейін аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі мердігер ұйымға мерзімдерді қатаң сақтауды және жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, Песчан ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Сәуір айында негізі қа-
ланған бұл кешен келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс. Мердігер компания -«Промжилстройкомплекс» жауапкерші-лігі шектеулі серіктестігінің басшысы Виталий Овцыновтың айтуынша, ғимараттың қабырғасы кірпіштен қаланып, төбесі металдан жабылады. Сондықтан кейінгі жылдары салынған ангар типіндегі кешендерге қарағанда әлдеқайда жайлы әрі жылы болуы тиіс. Мұнда тренажерларға арналған жеке алаң, жасанды жабыны бар жеке футбол алаңы қарастырылған. Оған қоса, тұрғындар кешенде күрес, волейбол, футболмен айналыса алады. Жобаның жалпы құны 661,8 млн теңгені құрайды. Аймақ басшысы құрылыс кестесін сақтап, жұмыстың сапасын қатаң бақылауға алуды, спорттық құрал-жабдықтармен жабдықтау кезінде жастардың мүдделерін ескеруді тапсырды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ивановка ауылында да бірқатар іс атқарылуда. Аудан басшысы Азамат Маңғұтов атап өткендей, елді мекендегі мектепте 262 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол сияқты мәдениет үйінің ғимараты қалпына келтірілуде. Оған 302 млн теңге қарастырылды.
Жалпы, ауданда инфрақұрылымды жақсарту бағытында іргелі істердің қолға алынғаны байқалды. Бұл ретте аймақ басшысы жобалардың уақытылы және сапалы жүзеге асуын ерекше бақылауға алуды жүктеді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Тереңкөл ауданы.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.