Қала көшелерінде, тұрғын үйлердің арасында топ-тобымен серуендеп жүретін қаңғыбас иттер кішкене баланы былай қойғанда ересек адамдар үшін де қауіпті болып тұр. Әсіресе, екінші ауысымда оқып, үйге кеш келетін мектеп оқушыларының қауіпсіздігі үшін ешкім жауап бере алмайды. Бүгінде қаңғыбас иттердің көбеюін болдырмау мақсатында не істелуде? Тұрғындар үй жануарларына қатысты нақты қандай ереже-талаптарды ұстау керек? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ғалым Бейсеновпен сұхбаттастық.
— Ғалым Қуатұлы, міне, қыс өтіп, жадыраған көктем мезгілі де келіп жетті. Осы тұста қыс бойы үйге қамалған балалар жаппай сыртқа шығып, ойнағысы келеді. Алайда кейбір шағын аудандарда балалар ойын алаңында балалар емес, иттер көп жүреді. Қаңғыбас иттерді аулау бойынша қандай жұмыс-
тар жүргізілуде?
— Күн жылына қаңғыбас иттерді аулау, ұстау бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істей бастады. Иттерді ұстау жұмыстарымен негізі облыстық ветеринарлық станция қызметкерлері айналысады. Мекеме өкілдері тұрғындардың шағымы бойынша жедел әрекет жасауда. Яғни, қай жерде қандай иесіз иттер жүр деген хабар келсе бірден іске кірісіп, иттерді уақытша ұстау орнына жеткізуге тырысады.
Бүгінгі күні Павлодар қаласында иттерді уақытша ұстайтын бір пункт бар. Оған 300 ит сыяды. Уақытша ұстау орындарына жеткізілген иттер негізі 60 күн тұрады. Ал адамға қауіпті қабаған ит уақытша қамау орнында он айға дейін тұра береді. Егер, ит асырауға ниеті бар адамдар болса таратып береміз.
— Ветстанция қызметкер-лері көшеде жүретін иесіз иттерді қалай ұстайды?
— Көшеде бос жүрген иттерді ұстау өте қиын. Ең алдымен құрықпен, клеткамен ұстауға әрекет жасайды. Бірақ, бұл өте ұзақ процесс болады. Сондықтан, қажет болған жағдайда уақытша ұйықтататын дәрі шашу арқылы ұстайды.
— Егер иттерді аулау, ұстау, екпе салу жұмыстары барысында өліп қалатын болса қандай да бір жауапкершілік бола ма?
— Әрине, мұндай жағдайда заң алдында жауап беруге тура келеді. Бірден жануарларды қорғау мекемесінің өкілдері шағым түсіреді.
— Осы тұста ит асырушылар қандай ережелерді сақтауы керек?
— Иттер басқа қаладан келмейді. Барлығы — осы қала немесе жақын маңдағы ауыл тұрғындарының иелігіндегі жануарлар. Көбі күшік кезінде асырайды да, кейін қаңғытып жібереді. Бұл дұрыс емес, әркім өзінің иелігіндегі үй жануарына жауапты болуы керек. Тұрғындар ең алдымен әрбір иті мен мысығына чип тағып, оны есепке қоюы керек. Негізі, үй жануарларын міндетті тіркеу шарасы 2023 жылы басталғанымен тұрғындар әлі
дұрыс түсінбей келеді. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, ит, мысықтарды чиптеу шығындарын иесі көтереді. Бұл шамамен 3-5 мың теңге тұрады. Талапты орындамаған-дарға айыппұл қарастырылған. Екінші ереже, иелігіңізде еркек иттер бар болса оларды бірден піштіріп тастаған дұрыс. Бұл — қаңғыбас иттерді көбейтудің алдын алатын шара. Сонымен қатар, иттерін кез келген уақытта көшеге, көпшілік орынға жіберетін немесе қараусыз қалдыратын адамдарға заң бойынша шара қолдаылады.
— Аулада қаңғыбас иттер көбейген жағдайда тұрғындар қайда хабарласа алады?
— Аулаңыздан қаңғыбас ит көрсеңіз бірден 57-72-07 қалалық байланыс нөміріне, 109 байланыс орталығына және 8-702-277-31-19 (Whatsapp) нөміріне хабарласуы-ңызға болады. Ал жануарларды уақытша ұстау пунктінің байланыс нөмірі 8-771-580-18-26.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен — Тілеуберді САХАБА.