Әлем уақыт өткен сайын өзгеріп, күн сайын жаңа технологиялар төрімізден һәм «төбемізден» орын алуда. Олай дейтініміз, қазіргі кезде түрлі салаларда дрондар (ұшқышсыз ұшу аппараттары) кеңінен қолданыла бастады. Бүгінгі таңда ұшып жүріп бейнежазбаға түсіретін мұндай кешендер ешкімге таңсық емес. Тіпті, ұшқышсыз ұшақтардың біздің облыста да құрастырылатын күні алыс емес. Жақында өңіріміздің таулы-орманды жерлерінде өрттің алдын алу мақсатында көпфункционалды дрондар іске қосылмақ.
Жаңа технологиялар енгізілуде
Өткен айда облыс әкімдігінде пилотсыз ұшатын аппараттардың көмегімен өрттің орнын анықтау жобасы талқыланды. Облыс әкімі Асайын Байханов дрондардың көмегімен орман және дала алқаптарындағы өрт ошақтарын жедел анықтау жобасын ұсынған Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының өкілдерімен кездесті. Мамандардың пікірінше, басқарылатын авиацияны пайдалану өрт ошақтарын дер кезінде байқауға, сонымен қатар, жабайы жануарлардың миграциясын да кез келген мерзімде және кез келген ауа райында қадағалауға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді
— Мұндай жоба біздің өңір үшін өзекті. Облыстағы 9 ауданның аумағынан мемлекеттік орман қорының жерлері өтеді, онда биыл 40 табиғи өрт тіркелген. Өрт ошақтарының аумағын жедел анықтау және тиісті шаралар қабылдау үшін жағдайға талдау жасау — біздің тілсіз жаумен күрестегі басты міндетіміз, — деді аймақ басшысы. Өз кезегінде Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Марат Баяндин аталмыш білім ордасы «Роботталған пилотсыз жүйелер» оқу бағдарламасын жүзеге асырып жатқандығын атап өтті. Бағдарламаны үйлестірушілер осы жоба аясында шетел университеттерімен байланыс орнатқандарын айтады.
– Бағдарлама студенттерге пилотсыз техниканы өндіру және пайдалану, әзірлеу бойынша білім беруге бағытталған. Аталмыш бағдарлама бойынша білім алған түлектер өңірдегі геологиялық компанияларға жұмысқа орналасады деп күтілуде. Бүгінде геологиялық барлау, топографиялау, аумақтың сандық моделін алу, мұнай-газ кеніштері мен құрылыс алаңдарына мониторинг жүргізу, техногенді және табиғи апат қатерлерін бақылау жұмыстарына дрондар кеңінен қолданылуда, — деді ол. Сонымен қатар, инновациялық институттың ғалымдары дала алқаптарындағы өрт ошақтарын жедел анықтаудан бөлек, Ертіс өзенінің жағдайын дрон арқылы қадағалауды ұсынып отыр. Олар дрон әкелген мәліметтер арқылы мониторинг жүргізіп, өзенде су қоры қанша екенін, оның қай кезеңде арнасынан асатынын нақты болжамақ.
— Ұшқышсыз ұшақ әуеден бейнежазба түсіреді. Ол түсірілімдер жердің тоңы мен қар қалыңдығын 90-30 метрге дейін нақты айқындай алады. Жоба 2023-2025 жылдарға арналған. Осы уақыт ішінде біз облыстың жер бедерінің үлкен масштабтағы цифрлық картасын жасап шығаруымыз керек. Су қоймаларының жағдайын да ғалымдар бақылауға алмақ. Барлық бейнетүсірілімді штабтағы мамандар онлайн түрде көріп отырады. Яғни, дрондар биіктіктен аэрофото түсіріп, маркшейдерге ақпарат жібереді. Сол бойынша мамандар кен орны төңірегінің географиялық жағдайын, қауіпті аумақтарды анықтап, картасын сызып, нақты жоспар құрып, әрі қарай өз жұмыстарын жүргізеді. Бұл геологтарға барлау жұмыстарын жылдам әрі қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта шахталарда да, әскери күш құрылымдарында да қауіпсіздікті барынша сақтау үшін осындай ұшқышсыз ұшақтарды қолдануға көшіп жатыр. Дрондардың батареясы 4,5 сағатқа дейін әуеде ұшуға қауқарлы. 5 шақырым биіктікке дейін көтеріле алады. Жалпы, ұшақты ұшырудың биіктігі тапсырыс берушінің жұмысына байланысты, — деді ректор.
Қорғаныс қалқаны
Бұдан бөлек, Марат Баяндин халықаралық байланыстарды дамыту барысында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты отандық және халықаралық жоғары оқу орындармен ынтымақтастықты жоғарғы деңгейде ұйымдастыру мақсаттында 12 халықаралық және 22 отандық жоғары оқу орындарымен келісімге қол қойғанын мәлім етті. Бұл келісімдер студенттер мен оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын, жетекші ғалымдардың қонақ дәрістерін, бірлескен ғылыми зерттеулерді, магистранттардың ғылыми тағылымдамадан өту бойынша мәселелерді жүзеге асырады.
— Ғылым саласында студенттер мен оқытушылар үлкен нәтиже көрсетуде. Атап айтқанда, бүгінгі таңда 30-дан астам стартап жобаға, монографияға, оқу құралына авторлық куәлік алынды. Оқу орнымыздың профессор-оқутышы ғалымдарымыздың 27 ден астам индексі жоғары «Scopus» журналына мақалалары жарияланды. 5 Стартап жобасы бойынша патент алынды. 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсына институт атынан ауыл шаруашылығы, педагогика, экономика және тілдер бағытында 10 жоба өтінім берілді. Сонымен қатар, оқу орнымыз IT және ғарыш саласында студенттеріміздің қабі-летін арттыру мақсатында «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы, «QazInnovation» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік, «КазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық роботехника Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық орнатып, үлкен жұмыс атқарып жатыр, — деді ол. Айта кетейік, халықаралық байланыстарды дамыту аясында бүгінгі таңда Түркияның «Anka» ұшқышсыз ұшағы Тараз қаласын-дағы «Жауынгерлік даярлық және жауынгерлік қолдану оқу орталығының» базасында сынақтан өтуде. Алғашқы сынаққа 14157 әскери бөлімінің ұшу және инженерлік құрамы мен «Turkish Aerospace Industries» өндіруші компаниясының өкілдері қатысты. Кешеннің ұшқыштық әскери операциясы 2023 жылдың тамызында жоспарланып, 2024 жылдың наурыз айының ортасына дейін жалғасады. Сынақ сәтті өткен жағдайда қазақстандық армия «Anka» пилотсыз жүйесін қабылдайды. Бұл ұшқышсыз басқарылатын кешеннің артықшылығына оның қашықтығы, ұшу ұзақтығы және соққылардың дәлдігі бойынша жоғары өнімділігі жатады. Дронның жүк көтергіштігі 300 кг-ға дейін жетеді, ал көктайғаққа қарсы жүйенің болуы төмен температурада ұшуға мүмкіндік береді.
Қалай жүзеге асады?
Республикалық «Әуе» дрондар академиясының маманы Нұрлан Гарафиев облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен өңірде орман алқаптары мен табиғи ресурстарға әуеден мониторинг жүргізетін жылжымалы орталық пайда болатынын атап өтті. Оның айтуынша, аталмыш орталықта дрондармен жұмыс істеу 4 негізгі бөлім арқылы жүзеге аспақ. Кәсіби жаттықтырушылар мамандарға дрондармен жұмыс істеу негіздерін үйретіп, оларды әр салада тиімді пайдалануға көмектеседі. Қатысушылар ұшатын дрондардың негізгі дағдыларын игеріп, ұшқышсыз ұшақтардың әртүрлі түрлерімен, соның ішінде термобейнелеумен танысады. Бұл олардың болашақ жұмысын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
– Бұл пилотсыз ұшу аппараттары қашықтан басқарылады. Салмақтары, ұшу ұзақтығы мен биіктігі модельдеріне қарай сан алуан. Айталық, ең ауыр дегенде 1 тонна жүкті көтере алатын, арысы 20 шақырымға дейін ұшып, әуеде бір тәуліктей бола алатын аппараттар бар әлемде. Олардың қолдану саласы ауқымды. Кез келген аппаратты бекітіп, түрлі мақсаттарға қолдануға болады. Ол қарапайым бейнекамерадан бастап, күрделі сканерлеуші қондырғыға дейін болуы мүмкін, – деп түсіндірді ол. Сондай-ақ, маманның айтуынша, орталықта дрондармен іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы қосымша құрылады. Іздестіру-құтқару жұмыстарына арналған қосымшаны жасау дрондардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу сияқты маңызды миссиялардың тиімділігін арттырады.
— Теориялық бөлімді аяқтағаннан кейін орталықта дрондарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету бойынша оқыту жүргізіледі. Ұшқышсыз ұшақтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету негіздерін білу — қатысушыларға кішігірім мәселелерді шешуге және дронның жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл, сонымен қатар, операциялық шығындарды азайтады және жабдықтың қызмет ету мерзімін арттырады. Сондай-ақ, дрондардың көмегімен заттарды бір жерден екінші жерге жылжыту бойынша практикалық жаттығулар өтеді. Қатысушылар әртүрлі жағдайларда, соның ішінде құтқару жұмыстарында, құрылыста және басқа да салаларда көптеген тапсырмаларды дрондарды пайдалана отырып іске асырады. Координаттарды пайдаланып адамдарды табу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл құтқару жұмыстарына қатысу және жоғалған адамдарды іздеу кезінде өте маңызды. — деді Н.Гарафиев.
Тамшыдай тарих
Бұл дрондарды алғаш болып жапондар көше тәртібін қадағалау, автокөлік тұрағына қарауыл жасау үшін қолдана бастапты. Шағын тікұшақтар тәртіп бұзушыларды суретке түсіріп, тіркеп отырған. 2013 жылдан бері «DHL» пошта компаниясы осы аппараттарды хат-хабар, сәлемдеме жеткізу мақсатында қолданады. Көп ұзамай-ақ шетелдік фермерлер аппараттарды алқаптардың үстінен пестицидтер мен тыңайтқыштар себу үшін қолдануға кірісті. Бір қызығы, солтүстіктегі көршіміз –
Ресей де осы салада артта қалмай, дрондарды тұңғыш рет клиенттерге пицца апаруға жаратыпты. Аппараттар дайын асты үйдің кіреберісіне дейін жеткізіп береді екен. Ал голландиялықтар дрондарды науқастарға дәрі тасу мақсатында пайдалануға болатынын бірінші болып түсініп, іске асырыпты. Сонымен, ұшатын аппараттар тек жоғарыдан фото-бейне түсірілім жасау үшін ғана емес, адамдарға түрлі салада көмек көрсету үшін де пайдаланылып жатыр.
Экономиканың дамуы үшін мемлекеттің аграрлық, индустриялық базасы жоғары деңгейде болуы міндет. Қазіргі таңда экономиканың дамуына үшінші көрсеткіш пайда болды. Ол – ІТ-технологиялар мен инновация. ХХІ ғасырда аталған технологиялар барлық салаларға еніп кеткенін жақсы білеміз. Демек, төбемізге ұшырып, төрімізге қондыра алатын дрондардың да ел экономикасына тигізер пайдасы мол. Тек оны тиімді пайдалана білсек болғаны.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.