Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов елді мекен тұрғындарымен тұрақты кездесуін жалғастыруда. Осы жолы аудан басшысы Жалаулы округіне қарасты Шолақсор және Балтасап ауылындағы ел азаматтарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар елді мекендердің дамуына қатысты маңызды мәселелерді сөз етті.
Жиын барысында тұрғындар малды өткізу және қажетті анықтамаларды алу процесін жеңілдету мақсатында ауылда мал сою алаңын ашу мәселесін көтерді. Осыған байланысты кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне мал сою алаңдарын ашуға арналған жеңілдетілген несие туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар, Балтасап ауылында тұрақсыз мобильді байланыс, автопавильон орнату және жеңілдетілген су құбырын салу мәселелері талқыланды. Барлық көтерілген сұрақ аудан әкімшілігінің бақылауына алынды.
Кездесу соңында азаматтарға жеке қабылдау өткізіліп, тұрғындар өз сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді.
А.БОРАНБАЕВА.