«Өзіміз үшін оқиық»

Нау 13, 2025

Баянауыл ауданында облыстық BOOK SLAM «Өзіміз үшін оқиық» жобасының аудандық кезеңі өтті. Оған оқушылар белсенді қатысып, кітап оқудан сайысқа түсті.

Балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жоба «Сіздің жарнамаңызға арналған орын», «Мәтін», «Шығарма бойынша сұрақ» сынды үш кезең бойынша ұйымдастырылды.

— Бұл жобаның басты мақсаты – кітапханалардың оң имиджін қалыптастырып, сол арқылы балаларды кітап оқуға баулу, ынталандыру. Шараға өңірдегі 17 білім беру ұйымы қатысты. Әр команда өз бетінше кітап таңдап, оның мазмұнын баяндады, — деп атап өтті аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Мәншүк Шумақова.

Жоба қорытындысы бойынша І орынды Дүйсенбай Рахметов атындағы мектеп оқушылары иеленіп, жеңімпаз атанды. Ал ІІ орынды Ақши жалпы негізгі білім беру мектебі мен З.Ақышев атындағы мектеп, ІІІ орынды М.Әуезов атындағы мектеп пен Шадыра мектебі еншіледі.

Жеңімпаз команда сайыстың облыстық кезеңінде бақ сынайтын болады.

Н.АҚЫТЕГІ.