Жасөспірімдерге құқықтық тәрбие беру, олардың түрлі жайсыз жағдайларға ұшырап қалуының алдын алу және құқықтық білім деңгейлерін арттыру мақсатында аудандық полиция бөлімінің ювеналды полицейлері баянауылдық оқушылармен арнайы кездесу өткізді.

Аталмыш шараға ішкі істер саласының ардагері Айтжан Күлжанова қатысып, оқушылармен емен-жарқын сөйлесті. Әңгімелесу барысында ол жастарды мектепте және қоғамда тәртіп ережелеріне бағынуға, өзгелердің қорлық көрсетуіне жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар, құрдастар арасындағы арандатушылық соңы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшеде есепке қоюға әкеп соғатынын түсіндірді. Білікті маман жасөспірімдер қай жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, қылмыс жасағаны үшін қандай жазалар қолданылатынын да айтып, әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану қажеттігі жайлы ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Кездесу тікелей диалог форматында өтті. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.

Аудан тұрғындары желкілдеп өсіп келе жатқан жастар үшін мұндай кездесулердің мән-маңызы зор екенін айтып, алдағы уақытта да жалғасын тапса екен деген өтініш-тілектерін жеткізді.

Н.АҚЫТЕГІ.