Успен ауданының бүгінгі күндегі даму көрсеткіші көз тоярлықтай. Ынтымақ, бірлігі жарасқан елдің шаруасы шираған сайын ауылдар гүлденіп, көркейіп келеді. Түтіні түзу ұшқан еңселі елді мекеннің уақыт өткен сайын көшелері жарықтандырылып, жолдары жөнделуде. Өткен жылы бірқатар ауылдың кіреберіс жолдары орташа жөндеуден өтіп, шалғай орналасқан кейбір елді мекеннің әлеуметтік нысандары жаңғыртылды. Бұл бағытта келешек ұрпақтың кемел ғұмыр кешуі үшін аудан тұрғындары да аянбай тер төгуде.
Таза ауызсу тартылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, ауылдарға қолдау көрсету, аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігі айтылған. Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау мақсатында Успен ауданына қарасты шалғай аудандар мен елді мекендерді дамыту, инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бүгінгі таңда аудан бойынша 21 елді мекеннің
16 ауылы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген, бұл жалпы көрсеткіштің 76,2 пайызын құрайды. Өткен жылы Қаратай ауылы мен Вознесен ауылында су құбырларының құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, жалпы сомасы 708 млн теңгеге Қаратай ауылында сыртқы су құбыры желілерін салу жұмыстары жүргізілсе, 767,5 млн теңгеге Вознесен ауылында сыртқы су құбыры желілерін салу жұмыстары аяқталды. Бұл жоба 2023 жылдан бастап іске асырылды. Ал, Надаров, Травян ауылдарында кешенді блок-модулін орнату 2025 жылға жоспарланған.
Бұдан бөлек, Успен ауданында ауыл тұрғындары үшін ыңғайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында аулаларды абаттандыру, спорт алаңшаларын орнату және мәдениет үйлерін қалыпқа келтіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мысал үшін былтыр бонустық трансферт бойынша мемлекеттік сатып алулар конкурстарының қорытындылары бойынша бюджет қаражаты кейбір жобаларға қайта қарастырылды. Атап айтқанда, бөлінген сомаға Галицкое ауылындағы балалар ойын алаңы құрылса, Успен ауылындағы аудандық мәдениет үйінің көрермен залы күрделі жөндеуден өтті. Аудан орталығындағы алаңда орналасқан субұрқақты жөндеу, Тимирязев ауылында мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, 2024 жылы Успен ауылында дене шынықтыру кешенін салу жобасы аяқталды. Аталмыш жоба сомасы 514,3 млн теңгені құрайды.
Жолдарды жөндеу — экономикалық өрлеу
Сонымен қатар, 2024 жылы облыс бюджетінен көзделген жобалар аясында Богатырь ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жоба сомасы 71,5 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ, «Луганск-Константинов» 0-4,42 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу», жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын Тимирязев ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу, Галицкое ауылының Глазырин көшесіндегі тұрғын аймаққа автомобиль жолын өткізу, «Чернорецк – Ольгин – Успен – Шарбақты» облыстық маңызы бар автомобиль жолын, Успен ауылының Мир, Гагарин көшелерін қамтумен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қоңырөзек ауылында ұзындығы 5,1 шақырым (Советов, Музыки, Милевский, Мир, Сейфуллин, Степная көшелері) кентішілік жолдардың орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жобалардың жалпы сомасы 178 млн теңгені құрайды. Бүгінде облыстық бюджет есебінен Успен ауылының (Қазыбек би, Баюк, Абай, Яременко, Наукенов 2, Пушкин, Крупская, Семенченко көшелері) кентішілік жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жалпы ұзындығы — 5,9 шақырым, сомасы 236,2 млн теңгені құрайды. Оның ішінде Яременко және Абай көшелеріндегі жұмыстар толығымен іске асырылса, Қазыбек би көшесі 30 пайызға орындалды.
— 2025 жылы «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын Успен ауданының Ковалев және Қаратай ауылдарында іске асыру жоспарлануда. Ауылдардың қажеттіліктеріне сүйене отырып, тұрғындардың барлық ұсыныстары мен тілектерін зерделей отырып, жалпы ұзындығы 4,554 шақырым ішкі жолдарды орташа жөндеуге 2 жоба әзірленді. Атап айтсақ, Қаратай ауылының кентішілік жолдары орташа жөндеуден өтпек. Оның ішінде Тәуелсіздік көшесінің кіреберіс жолы 0,540 шақырым, Тәуелсіздік 0,630 шақырым және М.Мәметова көшесі (0,480 шақырымды құрайды. Бұдан басқа, Успен ауданының Қозыкеткен ауылдық округінің Ковалев ауылының Абай-Мир тұйық көшесі (0,198 шақырым) Мир-Тәуелсіздік тұйық көшесі (0,235 шақырым), Тәуелсіздік көшесі (2,280 шақырым), Мир-Абай тұйық көшесі (0,191 шақырым) кентішілік жолдарын орташа жөндеу жоспарланып отыр. Жоба сомасы — 166 млн теңге, — деді аудан әкімідігінде.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша облыстық бюджетті қалыптастыру кезінде барлық қалалар мен аудандарға, халық санына байланысты бонустық трансферттер көзделді. Оның ішінде Успен ауданына 376,4 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа «Успен ауылындағы кентішілік көшелер ішінде электр жарықтандыру желісін салу» жобасы іске асырылды. Сондай-ақ, Константинов ауылының кентішілік жолдары (Ланглиц, Гагарин, 70 жыл) көшелері орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Галицкое ауылының Глазырин, Ғарышкерлер көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Тимирязев ауылының Юбилейная, Школьная көшелері орташа жөндеуден өтті.
Мекемелер — заманға сай
Өткен жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Қоңырөзек ауылында 2 жоба іске асырылды. Атап өтсек, Павлов атындағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу және мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы ауданның 3 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде облыстық бюджет есебінен Успен ауданының Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу және Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары көзделген. Бұдан басқа, 2025 жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Ковалев ауылындағы мектеп ғимаратын, сумен жабдықтау, кәріз және мектеп жанындағы аумақты абаттандыру жұмыстары жоспарлануда. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Успен ауылында бассейн салу жоспарланып отыр.
— Бүгінгі таңда ауданның білім беру жүйесінде 25 ұйым тіркеулі. Оның ішінде 3 балабақша, 19 жалпы білім беру мектебі және мектептер жанындағы 15 шағын орталық, 2 қосымша білім беру ұйымы және бір аграрлық-техникалық колледжі бар. Мектеп пен колледж оқушыларының контингенті 2036 адамды құрайды. Педагог қызметкерлердің жалпы саны — 469. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 19 білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары ауданның учаскелік полиция инспекторларының планшеттеріне шығарылды. Сондай-ақ, дабыл түймелері орнатылды, — деді аудан
әкімдігінде.
Ал, денсаулық сақтау саласын жаңғырту шеңберінде 2024 жылы ауданның 5 ауылында (Қаратай, Ковалев, Қозыкеткен, Қызылағаш, Тимирязев) медициналық пункттердің құрылысы жүргізілсе, Белоусов ауылындағы медициналық пункт ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, өткен жылы денсаулық сақтау мекемелеріне 3 жедел медициналық көмек көлігі сатып алынды. Бүгінгі таңда барлық ауылдық округтер санитарлық көлікпен жабдықталған.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.