Ауданда ауылдық елді мекендердің өртке қарсы қауіпсіздігі бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Таяуда Мүткенов ауылында өрт сөндіру бекетін ашу жоспарлануда.

Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов Мүткенов ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында өткен жылы жүргізілген жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта атқарылатын істерді атап өтті.

— Ауданда ауылдық елді мекендердің өртке қарсы қауіпсіздігі бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Осы жылы Мүткенов ауылында өрт сөндіру бекетін ашу жоспарлануда. Облыстық бюджет қаражаты есебінен УАЗ базасында 2 орман патрульдік автомобиль сатып алынды. Олардың бірі осы ауылға жіберіледі, — деді аудан әкімі.

Одан бөлек, 2025 жылы Мүткенов ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатын жұмыстармен таныстырды.

Аудан әкімінің сөзінше, аталған елді мекенде дене шынықтыру кешенін салу, ауылдық мәдениет үйі мен Мүткенов атындағы орта мектепті күрделі жөндеу, көше жолдарын жөндеу қарастырылған.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.