Биылғы қуаңшылықтың салдарынан өңірдегі егістік алқаптары құрғап, аграршылардың біразы тығырыққа тірелді. Осыған байланысты, «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қаржы лизингі шарттарын қайта құрылымдауды немесе ұзартуды ұсынады.

Қазіргі уақытта облыстық филиалға құрғақшылықтан зардап шеккен аграршылардан 30-дан астам өтінім келіп түсті. Оның ішінде 3 өтінім мақұлданды. Қалған өтінімдер компания филиалымен белсенді түрде өңделуде. Сондай-ақ, жақында компанияда су тасқыны, төтенше жағдай, қолайсыз табиғат құбылыстары, құрғақшылық сияқты түйткілге тап болған ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне құжаттардың қысқартылған пакетімен жеңілдетілген нұсқада ұзарту немесе қайта құрылымдауды ұсыну туралы қарыз алушының өтінішін қарауға қатысты мәселе пысықталды.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының баспасөз қызметі ағым-дағы жағдай бойынша компанияға жазғы қуаңшылық пен күзгі жауын-шашын салдарынан зардап шеккен 78 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден (68 жазбаша өтініш және 10 ауызша өтініш) 5,3 млрд теңге сомасына өтініштер келіп түскенін хабарлады.

— Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден төлемдер бойынша кейінге қалдырудың мерзімі 3 айдан бастап 1 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Кейінге қалдыру бойынша ең көп сұралған мерзімдер қанағаттандырылады. Бұған дейін компания тұрақсыздық айыбын есептен шығару жөніндегі науқанның бастал-ғаны туралы жариялаған болатын. Сондай-ақ, «Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы шеңберінде 2024 жылғы 1 наурызға дейін авансты төлеу бойынша кейінге қалдыра отырып, жем өндіру үшін ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.

А.МҰҚЫШЕВ.