Өңдеу жұмыстары басталды

Сәу 10, 2025

Екібастұз қаласында дезинсекциялық шараларды жүргізу алдындағы дайындық пысықталды. Кейбір көпқабатты үйлердің жертөлелерін өңдеу басталып та кетті.

Кеншілер шаһарында қансорғыштар қатарын азайтуға бағытталған істер көпқабатты үйлердің жертөлелерін, су айдындарын және ашық кеңістіктерді өңдеуден тұрады. Атап өту керек, соңғы үш жыл аралығында шыбын-шіркейге қарсы шараларға бөлінетін қаражат көлемі айтарлықтай өсті. Мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде өңдеу шараларының өзіне жауапты ретінде «Дезинфекция» компаниясы анықталды. Ал ғылыми сүйемелдеумен «Дезофарм-ЭК» компаниясы айналысады.

Бұл ретте қала әкімі Аян Бейсекин мердігерлермен кездесіп, әр кезеңде атқарылатын жұмыстарды пысықтады. Сонымен қатар, қолда бар құралдарды тексерді.

— Жауапты сала өкілдеріне мамандар мен құралдар санын көбейту, барлық учаске бойынша өңдеуді арттыру, тосқауылдық өңдеуді бақылауда ұстауды тапсырдым. Ал ғалымдар дернәсілдердің даму кезеңдерін анықтау үшін фенологиялық бақылауларды уақытылы жүргізуі тиіс, — деді шаһар басшысы.

Сәуір айының басында мамандар көпқабатты үйлердің жертөлелерін өңдеуге кірісті. Осы уақытқа дейін 20-дан астам баспапананың жертөлесінде дезинсекция жүргізілді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.