Өткен аптада Астана қаласында Павлодар облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жəрмеңкесі өтті. Ертіс-Баян өңірінің шаруалары елордалық тұтынушыларға 600 тоннаға жуық өнім апарды. Жәрмеңкеде павлодарлық картоп пен қарбыз, балық пен ет өнімдері арзан бағамен босатылды.
Астана қаласында өткен дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Павлодар облысының 3 қаласы мен 10 ауданы қатысты. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер астаналықтар үшін құны 350 миллион теңгеден асатын 560 тоннадан астам түрлі өнімді сатылымға шығарды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім меңгерушісінің орынбасары Алтынай Бектасованың айтуынша, павлодарлықтар жәрмеңкенің бірінші күні 4,5 тонна сүт, 27 тонна азық-түлік, 20 тонна картоп, 10 тонна сәбіз әкелген. Астаналық тұрғындар арасында ет және көкөніс, жергілікті бақша өнімдері жоғары сұранысқа ие болды. Сондай-ақ, елордалықтар Аққулы елінің қарбызын іздеп жүріп, сатып алып жатты.
– Жыл сайын Аққулыда өсірілген қарбызды жәрмеңкеге әкелеміз. Биыл да сөйттік, көптеген адамдар біздің өнімді көріп, қуанып қалды. Себебі бұл суарусыз, қоспасыз өсірілген экологиялық таза өнім. Басқа шаруа қожалықтары тамшылатып суару әдісімен айналысады, бірақ біздің жердің өзі жақсы өнім береді. Қарбыздың тамыры 10 метрден 15 метрге дейін жетеді, суды өздері табады. Бұл жолы жәрмеңкеге сегіз тонна әкелдік, бір қарбыздың орташа бағасы 1000 теңге, – дейді Аққулы ауда-нындағы шаруа қожалығының өкілі Лаура Расылбаева. Екі күн бойы елорда тұрғындарына сапалы әрі арзан өнім ұсынған жәрмеңкеге келген астаналықтар павлодарлық ауылшаруашылығы тауарын өндірушілеріне дән риза. Жәрмеңкеге келген жұрт арзан азық-түлік сатып алып қана қоймай, сонымен қатар, павлодарлық өнерпаздардың өнерін тамашалап, концерт көріп қайтты.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген — Константин Шелков.