Баянауыл ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне мән беріледі. Биыл 10 нысанды бейімдеу көзделген.
Бұл туралы аудан әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиын барысында айтылды. Баянауыл ауданы әкімдігінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасындағы мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда 4 нысанда тиісті жұмыстар жүргізілген. Аудан аумағында мүгедектігі бар 803 адам тұрады. Аудан әкімі Ардақ Кісентаев құзырлы мекемелерге кедергісіз қатынас орнату жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.
Жиында барлық деңгейдегі авто-жолдарды жазғы күтіп ұстау жұмыстары да қаралған. Бұл жұмыстарды атқаратын мердігерлер бекітілген. Биыл автожолдарды орташа және күрделі жөндеу бойынша 9 жоба іске асырылуда. Майкөбе, Шөптікөл, Сұлужон ауылдарына кіреберіс жолдар, Теңдік-Ұзынбұлақ жолы және Баянауыл, Жаңатілек, Мәшһүр Жүсіп, Қаражар ауылдарындағы ауылішілік жол, Жасыбайға айналма жол бойынша жұмыстар жоспарланған. Орташа және күрделі жөндеу жұмыстары қадағаланбақ.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.