Биыл кеншілер шаһарында балалардың ойнауына арналған 50 алаң орнатылып, 30 ауланың асфальты толығымен жаңарады. Абаттандыру мен инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектеліп қалмақ емес.
Айта кетейік, өткен екі жылдың өзінде Екібастұз қаласында облыстық және жергілікті бюджет есебінен қомақты қаражат бөлініп, абаттандыруға байланысты ауқымды іс атқарылған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасын таппақ.
Шаһар басшысы Аян Бейсекиннің айтуынша, биыл кем дегенде 50 балалар ойын алаңын қойып, 30 аулаға толығымен жаңа асфальт төселеді. Бұл жобаларға 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
— Сонымен қатар, қала жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жұмыстар наурыз айының соңында басталды. Осылайша, қаланың ондаған көшесі ағымдағы жөндеу жұмыстарымен қамтылады, — деді А.Бейсекин.
Сол сияқты қаланы жарықтандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылмақ.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.