Алтын ұя – басты ордамыз

Жел 5, 2024

Адамның ғұмырында әр уақыт сайын ойға жылы оралып тұратын шақтар болады. Сондай кезеңнің бірі – студенттік шақтар. Бейсен Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінде 2000-2003 жылдар аралығында оқуымыз – біз үшін шын мәнінде алаңсыз білім қуған әдемі кезең еді.

Бүгінде Жоғары педагогикалық колледжіне 95 жыл толып, қимас шақтарды қайта еске алуға себеп болып отыр. 21 жыл бұрын өткен оқиғаларды еске түсіргенде, әнтек жымиып қана қоясың. 2000 жылы қыркүйекте бізді оқу орнында алғаш қарсы алған топ жетекшісі Айжан Аймекенқызы Шапауова есімді жас маман болатын. Аузы салпиып барған ауыл-қаланың аңқау балаларын қабылдап алып, ширақтыққа баулып, қанаттандырды. Бар ақылын айтып, адамгершілікке жол нұсқап, бәрімізге бәйек болатын еді.

Бір қызығы, сол уақытта еліміздің тұтас білім саласы реформаның бірінен кейін бірін бастан кешіп жатқан еді. Біздің тобымыздың жартысы 11-сыныпты әр жақтан тәмамдап келген ұл-қыздар болса, жартысы мұнда бұрыннан, яғни 9-сыныптан соң лицей кластарында оқып шыққан бозбала-бойжеткендер еді. Көп ұзамай бір-бірімізге үйренісіп, араласып кеттік.

Бір топта тек қазақ мектебінің түлектері емес, сонау Железин-каның түкпірінен орысша мектеп тәмамдаған, бір ауыз қазақшасы жоқ балалар да болды. Бірақ педколледждің оқуға деген талабы сондай, әлгі балалар біраз уақыттың ішінде фонетика, морфология, синтаксисті бізден (қазақша бітіргендерден) артық болмаса кем болмай, игеріп шықты ғой. Кейін ойлап қарасаң, ондай қатаң талапты өзге еш оқу орнынан кездестірмедік. Тіпті, педколледжде алған білімімізбен сырттай институтқа түсіп, артық ештеңе оқымай, сынақ-емтихандарды мүдірместен тапсырып шыққанымыз шындық. «Абай жолын» тек оқытып қана қоймай, жеке кейіпкерлерінен курстық жұмыс, дипломдық жоба қорғап, жаңаша жіліктеп талдауды сұрайтын еді. Сонда 2000 жылдары оқыған түлектер ешбір шағымсыз-ақ мұғалімдердің тапсырмаларымен облыстық және қалалық кітапханаларға жаяу-жалпы жетіп, оқу залдарында демалыста да, қара кешке дейін шұқшиып отырып қалатын. Каменский мен Сухомлинскийдің постулаттарын конспект ретінде орысшадан аударып, қалың дәптер етіп ұстап жүретін. Ол кезде педагогикалық әдістемелік еңбектердің көбі әлі орысша-тұғын… Бұл да бір жатақханада жатсақ та, қағаздан бас алмай, алаңсыз білім қуған шақтар еді дейміз. Қазіргідей ешкімнің де қалада пәтері, туысы жоқ, көпшілігі жатақханаға орналасып, білімге деген құштарлығын танытатын, арманына, сертіне берік болатын. Ол кездегі әлі жұтаң тіршілікті, тұрмыстық қиыншылықтарды елең қылған бірі жоқ. Бастысы, бастағы білім болатын.

Осы жылдары Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің ішінен тағы бір колледж құрылды. Ол – гуманитарлық педагогикалық колледжі болатын. Геннадий Рубцов деген директорымыз екі оқу орнына да басшы сияқты еді. Мұғалімдеріміз барлығы бірдей, айырмашылығы – гуманитарлық колледждің студенттері ақылы негізде оқитын еді. Солардың көбі нағыз білім қуудың үлгісін көрсетті.

Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті тобында студент бола жүріп, үш жыл ішінде көптеген мұғалімдерден тәлім-тәрбие, білім алдық. Олардың қатарында бөлім басшысы Назымбек Сәбитұлы Дүкенбай, Роза Шамильқызы, композитор Қайырбек Сәтиев, философиядан дәріс берген Мөрбан Нұрғалиқызы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлден Кеңесқызы Қажыбаева, Нәзипа Ехсанқызы, орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген дегдар тұлға, марқұм Әлия Қайырбекқызы, балалар әдебиетінен дәріс беруші Динара Кеңесқызы Қажыбаева,
Роза Сержанқызы, Британияның мәдениет үлгісіндей қабылданатын ағылшын тілі мұғалімі Альбина Латипқызы, Құралай Мағзұмқызы Аманжолова, Айымгүл Александр-қызы Рүстемова, педагогика-психологиядан берген Тәттігүл Бекбалтақызы Кенжебаева сынды мұғалімдер белсенді әрі жаңашыл ұстаздар еді. Барлығына шәкірттік ризашылығымыз шексіз.

Мен негізі мектепте шет тілі ретінде неміс тілін оқып едім. Бірақ колледжге барғанда оқыстан ағылшын тілін меңгеремін деп шешім қабылдадым. Сөйтіп Альбина Латипқызы ағылшын әліппесінен бастап меңгертіп, біраз дәрежеге жеткізді. Бүгінде бес-алты сөз ағылшынша білсем, сол мұғалімнің арқасы.

Марқұм Қайырбек Сәтиев бізге хордан сабақ берді. Топта 25 ұл-қыз бар едік. Ұлдар аз болған соң әйелдер даусының тобына қосты. Өнеріміз жоқ болса да, топтағы ұл-қыздарды «альт», «сопраноға» бөліп алып, дауысты тамақтан емес, «һа» деп іштен шығарыңдар» деп, үйретіп жататын. Кейін бірлесіп бір лирикалық ән жаздық. Мен ақындығым болған соң сөзін жазып бердім, ол кісі музыкасын жазды. Сонда «сөздерде дауыссыз дыбыстар көп болса, ән дұрыс айтылмайды» деп, біраз машық дүниелерге үйретті. Айнұр Мукалакова есімді бір курс төмен оқитын әнші студент қызға сол әнді колледж ішілік концерттерде орындатып жүрді.

Республикаға әйгілі әдеби-еттанушы Қуандық Мәшһүр Жүсіптің шәкірті, бізге түркі әдебиетінен сабақ берген Гүлден Кеңесқызы жеке шығармашылығымызды қадағалай жүретін. Менің газетте шыққан алғашқы көркем әңгімелеріме пікір білдіріп, мақтап, қанаттандырып қоятын. Жалпы, педколледж менің көркем әдебиетке қызығып, өлең-әңгіме жазуыма үлкен мүмкіндік берді.

Бөлім басшысы Назымбек Сәбитұлы болса, мені көршілес «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясына жаңа газет нөмірлерін алып келуге жіберетін. Сөйтіп, біз редакцияны жағалайтын әдет таптық…

Айта берсек, біз көптеген мұғалімдерден өмірімізге қажетті шырақ алдық. Педколледж ғасырға жуық уақыт ішінде Ұлы Отан соғысы батырлары Махмет Қайырбаев, Серікбай Мүткенов, Құдайберген Сұрағановтар, Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев, ақындар Аманжол Шамкенов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Павел Васильев, журналистер Өскенбай Тастемханов, Қажымұрат Смағұлов секілді тарлан тұлғаларды түлетіп шығарды. Мұнда көптеген педаго-гикалық кадрлар тәрбиеленді. Соғыс ардагері Бейсен Ахметов қазақтың қаншама балаларын әрісі Алтай-Новосібір, Омбы облыстарынан, берісі өзіміздің өңірден, ауыл-ауылдан жинап, жатақханаға орналастырып, білім алуына көмектескені ел аузында аңыз болып тарады. Қантай Елубаева сынды майдангер-мұғалімдердің естеліктері соған куә.

Тамыры тереңге жайылған оқу орнын біз де 2003 жылы бітіріп, үлкен өмірге жолдама алдық. Жуырда өткен түлектер кешінде бүгінде өмір ағымымен әр жақта еңбек етуші, зейнетке шыққан мұғалімдеріміз туралы айтып, еске алдық. Педагогика саласының ардагері атанған Айман Сағынтайқызы, бүгінде қызмет етіп жүрген, біздің бозбала шағымызды білетін Нәзипа Ехсанқызы, балалар әдебиетінен дәріс берген Динара Кеңесқызын көріп, қуанысып, ілтипат білдірдік. Колледж басшысы Мираш Қамзақызы Шабанбаева бүгінде алтын ұямызды жарқыратып, дамытып, ұжымды ұйыстырып, ынтымақта ұстап отыр. Естелікке толы тарихи музейді аралап, тамаша концертке куә болдық. Барлығына рахмет!

Бейсен Ахметов атындағы педколледж тек бізге білім ғана емес, үлкен арман сыйлады. Біз, жаңа мектептен ұзаған бозбалалар, бойжеткендер, осында ұлағатты жандардан ұмытылмас сабақ алып, бойымызды білімге толтырып, қияға қанат қағып самғадық.

Алтын ұя – педколледжімізге біз ризамыз.

Әлі талай атыңды асқақтатар ұландар, шәкірттер тәрбиеленіп шығатынына біз сенеміз.

Себебі, бұл оқу орнының қазығы, өзегі мықты. Бүгінде осында білім алып жатқан жастарға айтарымыз осы. Сендер әлі бұл колледжде білім алғандарыңды мақтан етіп жүресіңдер.

 

Нұрбол Жайықбаев, журналист, Бейсен Ахметов атындағы Павлодар жоғары педагогикалық колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің 2003 жылғы түлегі.