Қазіргі қоғамда тәрбиесі таяз, мінез-құлқы бұзылған балалар қатары артуда. Оған жол бермеу үшін алдымен отбасындағы тәрбие дұрыс болуы тиіс. Ол үшін ата-ана неге мән беруі керек? Бұл сұраққа психолог мамандар жауап берді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында  осы мәселелер жан-жақты сөз болды. Павлодар қаласындағы №25 жалпы орта білім беру мектебінің педагог-психологs Жанар Ордабаеваның айтуынша, қазіргі жұмысбасты ата-аналардың баласымен ашық әңгімелеспеуі, яғни екі ортада мәміленің болмауы бала тәрбиесіне кері әсерін тигізуде екен.

— Шыны керек, көптеген ата-ана таңнан кешке дейін жұмыста жүреді. Күндіз баласын көрмейді. Кешкісін үйіне келгенімен, үй шаруасымен айналысып кетеді. Сөйтіп, бала назардан тыс қалып қояды. Ата-аналардың көбі осы жағынан қателік жіберіп жатады. Сол үшін балаға баса көңіл бөлу керек. Отбасы сүйіспеншілікте, сыйластықта, өзара түсіністікте, мейірімділікте өмір сүрсе, балада өзін-өзі дұрыс бағалау үрдісі қалыптасады. Ол өзіне сенімді болып өсіп, жақсы оқуға деген ынтасы артады. Сыныптас-тарымен де достасқысы келіп, үлкендерге сыйластықпен қарайды. Мұндай балалар есейе келе алдына айқын мақсат қойып, соған жетуге талпынады. Демек, көргенді ұрпақ тәрбиелеу — өз қолымызда! — дейді Жанар Ордабаева. Сондай-ақ, ол қазіргі ата-аналар өз отбасында баланың дамуы мен тәрбиесі үшін оңтайлы жағдайлар жасап қана қоймай, мектеп әкімшілігімен де тұрақты түрде қарым-қатынаста болу керектігін айтады.

— Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі — білімді де білікті, іскер адамдар. Қоғамды дамытатын осындай жастар тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені сөзсіз. Сондықтан әр ата-ана ұл-қызына саналы тәрбие беру үшін күш салып, оның өсіп жатқан ортасымен де үздіксіз байланыста болуы қажет. Сонымен қатар, ата-ана алдымен өз тәрбиесіне де мән бергені жөн. Мәселен, қандай жағдай болса да ашу-ызасын тізгіндеп ұстай білу керек. Басты міндеті —
баланың еркін дамуына жағдай жасап, шығармашылық қабілеті дамыған,  жақсы өмір сүруге құштар, өзіне сенімді тұлғаны тәрбиелеу екенін ұмытпағаны жөн. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп өскен жеткіншектер болашақта ата-анасының мықты тірегіне айналады. Қазақ баласын «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ сөзбен тәрбиелеген. Жаман боладыға жақындамай, ұят боладыға ұрынбай, обал болады дегенге ойлана қарайтын текті ұл-қыздар тәрбиелейік, — дейді психолог маман. Сонымен қатар, ол бүгінде көп ата-ана кішкентай балаларының көңілін гаджеттермен аулап, оның зейіні соған қалай ауып кеткенін кеш түсініп жататынын айтады. Бұл жағдай баланың психологиясына кері әсерін тигізіп, мейірімсіз, зейінсіз, қатыгез ұрпақтың қалыптасуына әкеледі екен.   Баспасөз жиынында «Тәрбие алаңы» жобалық офисінің психологі Ирина Карпова да сөз алып, бала тәрбиесіне қатысты ақыл-кеңесімен бөлісті.

 Н.ШОДЫР.