Ағымдағы аптада Үкімет отырысында ПремьерМинистр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен республикада барлық деңгейдегі педагогтарды даярлау жөніндегі шаралар талқыланды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүгінгі таңда елімізде 49 жоғары оқу орындарының педагоги-калық бағыттар бойынша лицензиялары бар екенін, онда барлығы 186 мыңнан астам адам білім алатынын мәлімдеді. Соңғы жылдары педагогикалық бағыттар бойынша тағайындалған гранттар саны бірнеше есе өсіп, 15 923-ке жетті. Олардың құны да екі есе өсті. Студенттердің шәкіртақылары да көтерілді. Сондай-ақ, педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтілді. Педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс жалғасуда, бүгінде 72%-ы жаңартылды. Жалпы, осы және басқа да өзгерістер педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруға және оларды заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазіргі уақытта колледждер базасында педагогикалық мамандықтар бойынша 80 мыңнан астам студент білім алатынын айтты. Олардың 43 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Колледждер балабақша тәрбиешілерін, бастауыш сыныптары және қосымша білім берудегі, сондай-ақ еңбек пен музыка мұғалімдерін дайындайды. Кадрларды даярлау және әдістемелік қамтамасыз ету сапасын арттыру мақсатында «Педагог» кәсіби стандарты бекітілді. Оның негізінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, 554 білім беру бағдарламасын жаңартып, іске асыруда. Бұл ретте 6 мыңнан астам педагогтың біліктілігі арттырылды. Республикадағы қажеттіліктерді ескере отырып, жыл сайын педагог кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс ұлғаюда. Биылдан бастап педагогикалық мамандықтарды ашу үшін колледждерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Ол үшін тиісті лицензиялар болуы және түлектердің кем дегенде 90%-ы жұмыспен қамтылуы керек. Үкімет басшысының айтуынша, білім беру процесінің жетістігі, ең алдымен, педагогтың кәсіптік шеберлігіне тікелей байланысты. Сондықтан педагог-кадрларды даярлау тәсілдерін қазіргі заманға сай бейімдеп отыру – уақыт талабы екенін атап өтті.

— Бүгінде шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда олардың көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мұның себептері әртүрлі, — деді Әлихан Смайылов. Айта кету керек, елімізде педагогтың беделі мен мәртебесін арттыру үшін заңнамалық тұрғыдан да көп жұмыс атқарылды. Сонымен қатар, мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, қосымша жүктемелердің азайтылғаны, артық есептен арылтқаны айтылды. Ағартушылық салаға дарынды жастарды тартуға бағытталған шаралар кешені қабылданды. Үкімет басшысы педагогикалық жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптардың күшейтілгенін, бұл дұрыс қадам екенін айтты. Мәселен, 5 жыл бұрын 50 балмен мұғалімдік мамандыққа түссе, қазір талапкерлердің орташа балы – 111.

— Алайда мектептерде оқыту процесінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған «бәріне мұғалім кінәлі» деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайды, — деді Үкімет басшысы. Әлихан Смайылов педагог мамандығы бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 2,5 есеге ұлғайтылғанын еске салды. Биыл мемлекеттік грант алуға үміткерлердің әрбір төртіншісі және 1,5 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері мұғалім болуға ниет білдіріпті. Осы ретте, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін оқыту әдістемесін қайта қарау қажеттігін тапсырды. Яғни, қазіргі заман талаптары ескерілуі тиіс. Сонымен қатар, жергілікті жерлердегі кадр тапшылығын азайтудың тиісті өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, алдағы 15 ақпанға дейін қабылдау керек, деді. Оған қоса жас мұғалімдердің осы кәсіпке бейімделіп кетуінің тиімді механизмдерін әзірлеп, тәлімгерлік жүйесін және жаңа құзыреттер бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін жасау қажеттігін де атады.

— Үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін, оқыту бағдарламалары мазмұнының балабақшадан университетке дейінгі сабақтастығын қамтамасыз ету керек. Бұдан басқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау жұмысын күшейту қажет, — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Өз тілшіміз.