Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ғылым саласын, әсіресе, агроғылымды дамытуға басымдық беру керектігін атап өтті. Бүгінде елімізде бұл міндетті жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жүйелі қолға алынуда.

Таяуда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысында да отандық ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын айқындау мәселесі қаралды. Нәтижесінде, алдағы жылдарға арналған ғылымды дамытудың негізгі бағыттары әзірленді. Атап айтар болсақ, су ресурстарын ұтымды пайдалану, топырақ сапасын сақтау, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, парниктік газдар шығарындыларын азайту және жаңартылатын көздерді дамыту жоспарланды. Бұл ретте, аймағымыздағы Торайғыров университетінің (TOU) жас ғалымдары көп ізденіп, ғылыми жаңалықтар ашу жолында аянбай тер төгіп жүргенін айта кеткен жөн. Олардың бірнешеуінің еңбегі жайлы оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Өсімдіктерді өзімізде өсіреміз

Торайғыров университетінің ғалымы Виктор Камкин өңіріміздегі ауасы таза өлке саналатын Баянауыл ауданының алқаптарында дәрілік өсімдіктерді өсірудің маңызы зор екенін айтуда. Оның айтуынша, біздің аймақта дертке дауа болатын шипалы өсімдіктердің 194 түрі тамыр жаятыны анықталған. Олардың 100-і Баянауыл ауданында өседі. Ғалым бұл шөптерді түрлі фитошай жасауға қолдануға болатынын алға тартуда.

— Қазіргі таңда әлемде экологиялық таза өнімдер сұранысқа ие. Әсіресе, фитошайлардың денсаулыққа тигізер пайдасы зор. Тіпті, көптеген елдерде фитошайлардың негізінде ұлттық брендтер қалыптасты. Сол үшін де олардың көбі экспорттық потенциалға ие. Мәселен, шетелдік «Эвалар», «Алтайский кедр», «Сибирское здоровье», «Биолит», «Хорст» деп аталатын белгілі өндірушілер бар. Ал Қазақстанда емдік шөптермен айналысатын тек «Зерде» деген ғана өнім шығарушы ұйым бар. Елімізде осы істі дамыту керек. Коронавирус пандемиясы иммунитет көтеретін дәрілік заттардың сұранысын арттырғанына көзіміз жетті, – дейді Виктор Камкин. Осылай деген ол Баянауыл ауданының қасиетті топырағы дәрілік шөп шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін айтып отыр. Болашақта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігін сөз еткен ғалым қазақстандық нарықты отандық шикізатпен қамтамасыз етуге әлеуетіміз жеткілікті, дейді. Енді тек мол тәжірибе жинап, білек сыбана іске кірісу керек. Сонда ғана өз өңірімізде түрлі дертке шипа болатын әрі денсаулыққа пайдалы емдік шөптер өсіріліп, қолжетімді бағамен қолданысқа шығарылатын болады.

Өнімділікті арттыруға арналады

Павлодарлық жас ғалым, Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Римма Уалиева астықтың өнімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған ғылыми жаңалық ашумен айналысуда.  Ол жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру шеңберінде екі жылдан бері «Қазақстанның солтүстік-шығысындағы жаздық бидайдың деструктивті биотасын (фитофагтар мен фитопатогендер) фитосанитарлық бақылаудың экологиялық жүйесін әзірлеу» жобасын жүзеге асыру ісін қолға алуда.

— Өңірімізде бидай өндіру кезінде фермерлер түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Олардың бірі астық өніміне елеулі зиян келтіретін ауру зиянкестерден зардап шексе, енді бірі өнімінің түсімі аз екенін айтады. Бұл мәселені шешу үшін біз жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында Қазақстанның солтүстік-шығысында жаздық бидайдың фитофагтары мен фитопатогендерінің деструктивті биотасын фитосанитариялық бақылаудың жетілдірілген жүйесін әзірлеу жобасымен айналысудамыз, — дейді Римма Уалиева. Оның айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты — Қазақстанның солтүстік-шығысында жаздық бидайдың фитопатагендері мен фитофагтарын мониторингілеу мен бақылаудың жетілдірілген жүйесін іске асыру. Сол арқылы елімізде жаздық бидай өсіру технологиясын жетілдіруге, астық сапасының өнімділігін арттыруға жол ашу көзделуде. Атап өтерлігі, жас ғалым Римма Уалиеваның есімі «Қазақстанның алтын кітабына» енген және ол «ЖОО педагогтары-2021» аталымы бойынша Қазақстанның үздік 100 оқытушысының қатарына кірген екен.

Үнемдеуге мүмкіндік мол

Ғалымдар болашақта елімізде таза ауызсу тапшылығы болуы ықтимал екендігін айтып, дабыл қағуда. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да бірнеше мәрте көтерген еді. Су қорының азайып кетуінің алдын алу үшін қазақстандық ғалымдар арнайы зерттеулер жүргізіп, қызу жұмыс істеуде. Солардың бірі павлодарлық PhD докторы, Торайғыров университетінің химия және химиялық технологиялар кафедрасының зерттеуші ғалымы Иван Раделюк тұщы су тапшылығы мәселелерін шешу жолдары мен аймақтағы атмосфералық ауа сапасының нашар екенін ескере отырып, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға қауіп-қатерін бағалауға бағытталған жобаларды іске асыруда. Аталмыш жоба мақсатты параметр ретінде су қорын азайтудың алдын алып, қолайлы сапаға дейін тазартылған өнеркәсіптік кәсіпорындардың ағынды суларын қайта пайдалану мүмкіндіктерін енгізу болып табылады.

— Қазіргі таңда су ресурстарының азаюы өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан жұмыс барысында көп су жұмсалатын кәсіпорындардың ағынды суларын қайтадан сапалы түрде тазартып, өндірісте немесе ауыл шаруашылығы саласында пайдалану қажет деп санаймын. Бұл жаңалық тұщы су тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізеді деп сенемін, — дейді Иван Раделюк. Оның сөзіне қарағанда, бұл модельдеу арқылы дәстүрлі факторлардан басқа, қолданыстағы және ұсынылатын тарифтер, инфрақұрылым жағдайы, электр энергиясының шығындары, басқа да әлеуметтік-экономикалық параметрлер ескерілетін болады. Сондай-ақ, бүгінде ғалым «БиоСфера экологиясы» (Farabi University КЕАҚ) әріптестерімен бірлесе отырып, атмосфералық ауада PM2.5 бөлшектерін іріктеуді бастап кетті. Осы зерттеу Павлодар қаласындағы ауаның негізгі ластаушысы кім деген сауалға нақты жауап береді, дейді мамандар. «Жасыл» экономикаға көшудің ұлттық бағдарламасын қабылдаған еліміз үшін мұндай ғылыми жобалардың берері мол болмақ.

Н.ШОДЫР.