Павлодар қаласындағы №36 экологиялық бағыттағы жалпы білім беретін бейіндік мектебінде «Өзара әрекеттесуден — нәтижеге: білім берудегі заманауи трендтер және білім алушылардың жеке дамуына арналған экологиялық бағдарламаларды іске асырудағы педагогтің рөлі» тақырыбында сараптамалық кеңес өтті.

Игі шара барысында облыс мұғалімдері өзара тәжірибе алмасып, білім берудегі заманауи трендтермен танысты. Педагогтар арасында ұйымдастырылған ерекше кеңеске «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ, Педагогикалық шеберлік орталығы филиалдарының өкілдері, әдісте-мелік кабинеттердің меңгерушілері, облысқа қарасты қалалар мен аудандардағы білім бөлімдерінің әдіскерлері, инновациялық мектеп-тердің директорлары қатысты. Кеңес отырысында Торайғыров атындағы университеттің физика, математика және аспап жасау кафедрасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күләш Нұрымжанова «Білім берудегі заманауи трендтер арнасындағы мектеп» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Бұдан соң №36 мектептің педагогтары білім беру сапасының нәтижелеріне қол жеткізу және тәрбие жұмысындағы шаралар бойынша өз жұмыстарын ұсынды. Мәселен, мектеп директоры Рифкат Мұратов «Мектеп — бүгін, мектеп – ертең. Өзара әрекеттесуден – нәтижеге» атты баяндамасында саладағы өзгерістер, оқудың үздік нәтижелеріне жету үшін мектеп қалай бейімделуі керектігі туралы сөз етті. Басшының бейіндік оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Надежда Копыльцова мектепті дамыту бағдарламасын іске асыру қорытындыларына тоқталды. Ал директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Зоя Русакова «Экология және оқушының тұлғалық дамуы» жөнінде ойын ортаға салса, неміс тілі мұғалімі Қорлан Демеуова оқушылардың қатысуымен PASCH жобасы қалай жүзеге асатыны туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, кеңес қатысушыларына экологиялық компонентті оқу пәндеріне біріктіру бойынша сабақтар мен арнайы курстар ұсынылды. Олар сондай-ақ, дене шынықтыру мұғалімі Анна Комкинаның «Тепе-теңдікті дамытуға арналған ойындар», мате-матика пәнінің мұғалімі Мәншүк Сәдуақасованың «Экологиялық мазмұндағы мәтіндік есептерді шешу», тарих пәнінің мұғалімі Жанат Сәлімовтің «Қазақтардың рулық құрылымы» атты ашық сабақтары мен өзге де білікті мамандардың заманауи трендтерді қолданған шеберлік сағаттарына қатысты. Мамандардың айтуынша, сараптамалық кеңес білім берудегі өзекті мәселелерді талқылауға және оқу үрдісіне экологиялық бағдарламаларды енгізу тәжіри-бесімен алмасуға мол мүмкіндік берді. Шара соңында білім беру орталықтарының басшылары сөз алып, мұндай кеңестерді жиі өткізудің маңызы зор екенін атап өтті.

Нұржайна ШОДЫР.