Кемел білім, ұлағатты тәрбие ордасы

Жел 5, 2024

Биыл облыс орталығындағы Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне — 95 жыл. Осы жылдар ішінде бәсі биік білім ордасынан 30 мыңнан астам педагог қанат қаққан. Ғасырға жуық тарихы бар белгілі оқу орны дара тұлғалар салған сара жолды абыроймен жалғастыруда.

Павлодар қаласындағы Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагоги-калық колледжі — терең тарихы бар қара шаңырақ. Іргетасы сонау 1929 жылы қаланған білім ордасы тарих толқынында педагогикалық техникум — педагогикалық училище — педагогикалық колледж болып атауы құбылғанымен, атқарар миссиясы өзгерген жоқ. Оқу орнының қоғамдағы алар орны ерекше. Болашақта да ізгілікті істері жалғаса берері сөзсіз.

Қазіргі заман тынымсыз өзгеріске, түрлі жаңалыққа толы. Қазақстандық білім беру жүйесінде де түбегейлі өзгерістер орын алуда. Бұл оқу ордасы да 1993 жылға дейін педагогикалық училище болып келді, одан кейін еліміздің білім саласындағы өзгерістерге сай педагогикалық колледж мәртебесіне ие болды. Ал 2019 жылы Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж дәрежесін алып, яғни бакалаврмен толықты. Осынау 95 жылдық тарихында білім ордасы 30 мыңнан астам білікті педагог дайындап шығарды. Жыл сайын колледж қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер балабақша, мектептерде жемісті еңбек етуде. Білім ордасының ғасырға жуық тарихында талай азаматтар елге танылды. Атап айтқанда, ғылым көкжиегін игерген академик те, ұлағаты келіскен ұстаз да, іскер басшы да шықты. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табуда. Өткенге көз жүгіртер болсақ, еліміздің мақтанышына айналған танымал тұлғалар, аға буын өкілдері көп. Ұлттық әдебиетімізде ерекше орны бар А.Шамкенов, М.Әлімбаев, Қ.Ыдырысовтар – мақтан тұтар түлектеріміз. Облыс орталығындағы көптеген көшеге колледж түлектері есімі берілді. Олардың қатарындағы Қ.Сұрағанов, С.Мүткенов, Қ.Нұркин сынды батырлардың өмірі – жас буынға үлгі-өнеге!

1998-2000 жылдары сұранысқа орай «Қазақ тілі және әдебиеті», «Дене тәрбиесі», «Информатика және есептеу техникасы» сынды жаңа мамандықтар бойынша орта мектептерге мұғалім дайындау үрдісі басталды. Өңіріміздің қай мектебіне барсаңыз да, алдыңыздан Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж түлегі шығары сөзсіз. Бұл — үлкен мақтаныш!

Иә, бүгінгі мұғалім қандай болуы керек? Білім мекемесінің басты мақсаты — осы сұраққа жауап беру. Қазіргі ұстаз пәндік білім беруден бөлек, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, мемлекетшілдік рух пен ұлттық үрдістер, даналық дәстүрлерді бойына сіңірген тұлға болуы шарт.

Міне, осындай мақсатты көздеген оқу орны тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа міндеттер қойып, басым бағыттарын түзетті. Колледж түлектері өңіріміз бен еліміздің мұғалімдер армиясына осындай берік ұстаным, терең біліммен білікті ұстаздар қатарына қосылуда. Бүгінде колледж қабырғасында 100-ден аса оқытушы мәртебелі іспен айналысуда. Кәсіби және білім сайыстарында тек алдыңғы қатардан көрінетін ұжым мүшелері шығармашылық пен ізденісті серік еткен. Бәсекеге қабілетті азаматы бар мемлекет қарымды, алдыңғы қатарлы елдермен иық түйістіре алатын деңгейге жетері анық. Халық мақтанышы, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз, кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіруіміз керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», — деген екен. Ұлт ұстазының сөзін ту еткен ұжым осы бағытта жұмыла жұмыс жасап, аянбай еңбек етуде.

2021 жылы «Talap» КЕАҚ («Кәсіпқор» холдингі) жүргізген Қазақстан Республикасының техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйым-дарының рейтинг қорытындысы бойынша Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі «Қазақстан Республикасының ТОП-10 үздік колледжі» тізіміне енді.

Ұжым жасаған қарқынды педагогикалық қадамдарға тоқталар болсақ, 2019 жылдан бері «WorldSkillsKazakhstan» республикалық чемпионатында үнемі жеңімпаз, жүлдегерлер шығып, колледж мерейін көтеруде. Осы уақыт аралығында әртүрлі құзыреттілік бойынша жалпы саны 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальға қол жеткізіп, облыс намысын абыроймен қорғады. Республикалық «ҚР 100 үздік колледж студенттері» конкурсында да студенттеріміз жыл сайын жеңімпаз атануда. «Шапағат» медалі, «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісін кеудесіне тағып, қабілетімен жарқырай көрінген шәкірттер де баршылық. Қанипа Бітібаева атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасында да біздің колледж студенті жүлделі 2-орынды еншіледі.

Өндірістік тәжірибе — бұл колледждегі оқу үрдісінің басты құрамдас бөлігі. Осы мақсатқа оқу уақытының 40%-ы жұмсалады. Білім ордасының әлеуметтік серіктестері жалпы білім беретін мектептер, гимназиялар, мектепке дейінгі білім беру мекемелері, Павлодар облысының қосымша білім беру ұйымдары болып табылады. Әлеуметтік әріптестік тиімділігінің басты өлшемдері — түлектердің дайындық сапасы мен сұранысқа ие болуы. Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.

Ұжымның жоғары кәсіби және педагогикалық шеберлігін техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйым-дарының педагогтері арасында өткізілетін республикалық байқаулар, «Педагогикалық шеберлік» және «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурстардағы жүлделі орындары дәлелдейді. Сондай-ақ, мұғалімдер әзірлеген авторлық оқу-әдістемелік кешендер, оқулықтар мен оқу құралдары да — соның куәсі.

Білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта облыс мұғалімдеріне арналып ашылған «BilimLaB» орталығы бірнеше жыл үздіксіз жұмыс істеуде. Сонымен қатар, соңғы жылдар жаңалығы ретінде «Дана бала», «Future» ресурстық орталықтарын атап айтуға болады. Бұл — Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің базасында мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне қолдау көрсетуге арналған арнайы алаң. Осы орталықтар өңірдің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласына қажетті заманауи әдістемелік материалдар, цифрлық ресурстар, оқыту бағдарламаларымен қамтамасыз етіп, педагог-тәрбиешілердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған тәжірибелік семинарлар мен шеберлік сағаттарын, тренингтер ұсынады. Колледж 2023 жылы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының техникалық және сервистік кәсіптер бойынша кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру жөніндегі оқу орталықтарының тізіміне енген. Сонымен қатар, «Тәрбиеші көмекшісі» жұмысшы мамандығы бойынша қысқа мерзімді курстар ашылды.

Білім ордасының оқу-әдістемелік қызметі білім беру үрдісін ғылыми негізде басқаруға бағытталған. Жыл сайын дәстүрлі түрде: жас ғалымдарға, білім беру мекемелерінің педагог қызметкерлеріне арналған «Ахметов оқулары. Заманауи білім беру үдерісі: тәжірибелер, мәселелер, перспективалар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция және колледж түлегі, балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын Мұзафар Әлімбаевтың құрметіне «М.Әлімбаев оқулары» өткізіледі. Жыл сайын өтетін облыс, респуб-лика және тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері мектептерінің 10-11-сынып оқушылары, колледж студенттері арасында шет тіліндегі «Жеке тұлғаның және қоғамның шығармашылық әлеуетін дамыту» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысуға сұраныс жоғары.

Еріктілер қозғалысы – қоғамның рухани дамуын өрістететін бірден-бір қуатты құрал. Колледжде «СиЯНД», «Сұңқар», «Жан жылуы», «Мейірімділік жолында», «New generation» және «Кітапхана еріктісі» еріктілер жасағы құрылған. Әрбір игі бастама, ізгі іске белсенділік таныту — алға жетелеуші күш. Педагогикалық бағыттағы еріктілер «Жас ұрпақ» үйіндегі тәрбиеленушілерге қазақ тілінен сабақ береді. Ресейдің Қарасуық, Бурят еліндегі және Таулы Алтай колледж оқытушылары мен студенттеріне онлайн сабақтар өткізеді. Сонымен қатар, «Самал» оңалту орталығындағы балаларға және №7 мектеп-интернаттағы білім алушыларға ағылшын тілін үйретіп, әлеуметтік ашық қоғам құруға қолдау көрсетуде.

Қазақстандықтардың ерен еңбектері болашақ ұрпақтың жасампаздығына ұласқанда ғана ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып, еліміз еңселі, туымыз тұғырлы болады деп сенетін педагогикалық ұжымның білім беру кеңістігіндегі алар орны айрықша. Отандық білім беру саласында мерейі үстем оқу ордасының болашақта да биік белестерден көрінері сөзсіз. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар-мінез деген нәрселермен озады…», — деп ұлы Абай айтқандай осы қасиеттерді бойына дарытқан ұжым мүшелері ұрпақ тәрбиелеуде білім биігінен көріне берері хақ.