Соңғы уақытта елімізде мектеп асханаларындағы тамақ сапасы мен санитарлық талаптардың бұзылуына қатысты сын пікірлер көбеюде. Тіпті, осы мәселе бойынша орын алып жатқан түрлі жағдайлар да жиілеп кеткен жайы бар.

Айталық, тек биыл қазан айының ішінде аймақтағы екі бірдей білім беру мекемесінің асханасында шу шықты. Аталған оқиға бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген жауапты сала мамандары қандай қорытынды жасады? Жалпы, алдағы уақытта мұндайға жол бермес үшін қайтпек керек? Ата-аналарды не толғандырады? Білім беру саласының өкілдері қандай уәж айтады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Жайсыз жағдайлар жиіледі

Қазіргі таңда көпшілік айналасы бір айдың ішінде Павлодар қаласындағы екі мектеп асханасында орын алған жайсыз жағдайды жарыса сөз етуде. Мәселенің ақ-қарасын анықтаған санитарлық сала мамандары жақында ғана шаһардағы М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектептегі оқиғаны тексеріп, тиісті шешім қабылдады. Облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекованың айтуынша, 12 қазан күні Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына аталмыш мектеп асханасында 7 «Ж» сынып оқушылары тамақтану кезінде бидай ботқасынан тірі құрттың табылғаны туралы шағым келіп түскен.

— Мектеп асханасын жалға алушыға қатысты жоспардан тыс тексеру тіркелді және жүргізілді. Басқарма мамандары сапа мен қауіпсіздікті растайтын бидай жармасының тауарға ілеспе құжаттарын (сәйкестік туралы декларация) тексеріп, дайындаушы көрсеткен жарамдылық мерзімі сақталғанына көз жеткізді. Бірақ ас блогының қоймасында сусымалы өнімдерді сақтау шарттарын бұзу фактісі анықталды. Атап айтқанда, температуралық-ылғалдылық режимін бақылау және өлшеу құралдары болмаған. Сонымен қатар, көкөністерді ыдыс жууға арналған бөлмеде өңдеу дерегі белгілі болды. Жеке кәсіпкерге айыппұл түрінде әкімшілік шара қабылданып, орын алған бұзушылықты жою туралы нұсқау берілді. Асхана қызметкерлеріне санитарлық қағидалар және нормаларды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — дейді Гүлнар Ақылбекова. Ал №39 мектеп асханасында болған жағдайдың анық-қанығын тексеру үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жұмыс жүргізуде екен. Бұл — биыл жаңа оқу жылы басталғалы бері өңірдегі екі мектеп асханасында белгілі болған жағдай. Алайда осыған ұқсас қанша оқиғаның жария болмай, жабық күйінде қалғаны бір Аллаға ғана аян!

Ата-аналар алаңдаулы

Аталған жағдайдан кейін жалпы орта білім беру мекемелерінде балалары, немере-жиендері оқитын кейбір ата-аналар да алаңдаушылық білдіруде. Солардың бірі, қала тұр-
ғыны, зейнеткер Зәуреш Мұсақызы:

— Павлодар қаласындағы үш мектепте немере-жиендерім оқиды. Облыс орталығындағы білім ордаларының асханаларында болған оқиғаларды естіп, қорқып қалдық. «Ауру – астан, дау — қарындастан» деген мәтелді қазекем тегін айтпаған. Жас буын ас-ауқаттан ауру тауып алмаса екен деп тілеймін. Санитарлық сала мамандары асханалардағы тамақтың сапасын, тазалығын қатаң тексеріп отырса ғой. Қазіргі орын алып отырған жағдайлар осы бағыттағы жұмыстардың әлсіздігі деп ойлаймын, — дейді. Өкінішке қарай, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері ата-аналар, мектеп әкімшілігі және өзге де тұрғындар тарапынан нақты шағым түскен жағдайда ғана тексеріс жүргізілетінін айтады. Яғни, өз беттерінше мектеп асханаларының жұмысына араласуға құқықтары жоқ көрінеді. Ал ата-аналардың көбі ашық пікір айтуға жасқанатындықтарын жасырмайды. Себебі, мектептегі ұл-қызына кесірі тие ме деп қорқады. Осылай деген қала тұрғыны, көпбалалы ана Айгүл (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертіліп алынды):

— Менің 2 балам Павлодар қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы мектепте білім алады. Әрине, көпбалалы отбасы болғандықтан тегін тамақ беріледі. Бірақ балаларым кейде тамақ дәмсіз болатынын, жей алмайтынын айтып, аш келеді. Сосын күнде ақша сұрайды. Соған өздері тоқаш пен шай сатып алатынын айтады. Көбінесе шай суып қалады екен. Өзім жәрдемақыға қарап отырғандықтан арасында 500 теңге беремін. Тамақтың сапасын көзімізбен көріп кетейік десек, мектептің ішіне кіргізбейді. Былтыр менің балам асханадан уланып, үйге құсып әзер жеткен еді. Шынымен де мәселе көп. Ата-аналар чаттарында да осы туралы жиі көтеріледі. Мектепте жиналыс болса, мәселе көтереміз деп күтіп жүрміз, — дейді. Жалпы, ата-аналардың көбі мектеп асханасындағы тамаққа көңілдері толмайтынын алға тартады. Бірі тегін тамақ дәмсіз десе, енді бірі мектеп асханалары температуралық режимді сақтамайтынын, яғни балалар суып қалған аспен ауқаттанатынын, бұл бойға қонбайтынын айтып, өкпе-реніштерін жеткізуде. Сондай-ақ, ақылы түрде тамақ ішетін бала-лардың ата-аналары бағаның қымбат екеніне шағымдануда. Бұған Kundelik.kz жобасының қазақстандық білім беру мекемелерінде оқушылар мен олардың ата-аналарының мектеп тамағына қатысты жүргізген сауалнамасының нәтижесі де дәлел десек, артық айтқандық болмас. Сол бойынша сауалнамаға қатысқандардың тек 23 пайызы ғана тағам сапасы мен бағасы қанағаттандыратынын айтқан. Жауап бергендердің 31 пайызы тағамдардың сапасына көңілі толмайтынын жеткізсе, 14 пайызы тағамды қымбат деп таныған, ал
9 пайызы асхананың ыңғайсыз екенін айтып, 23 пайызы тағамдардың біркелкі екенін белгілеп жауап берген.

Жауаптылар не дейді?

Облыстық білім беру басқар-масының мәліметінше, бүгінде аймақ бойынша тегін тамақпен 54 800 бала қамтылған. Оның ішінде бастауыш сыныптарда оқитын 42 286 оқушы, ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан және басқа да әлеуметтік санаттағы 12 514 бала бар. Биыл бұл мақсатқа, яғни, балаларды тегін тамақпен қамтуға қазынадан 4,3 млрд теңге қарастырылған. Былтыр бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, жыл сайын қаржыландыру көлемі-
нің артқанын аңғаруға болады.

— Аймағымызда 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту үшін әрқайсысына күніне 450 теңге, ал әлеуметтік санаттағыларға 690 теңге бөлінеді. Ауыл, қала мектептерінің оқушыларына қарастырылған қаражат көлемі бірдей, — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырова. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс орталығында да жалғасын табуда. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлиннің айтуынша, шаһар-
дағы 21243 бастауыш сынып оқушысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ал 1-11-сыныптардағы 3263 оқушы жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен тегін тамақтанады. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларынан 1495 бала, жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен шаңырақтардан 1426 оқушы, жетім және ата ана қамқорлығынсыз қалған 301 шәкірт, өзге де әлеуметтік санаттағы 41 бала бар. Қалалық оқушыларды тегін тамақтандыруға биыл қазынадан 1 млрд 457 млн теңге, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар үшін 323 млн 152 мың теңге бөлінген. Осылайша, оқушыларды тегін тамақпен қамту үшін қомақты қаражат қарастырылғанымен, тамақ сапасы мен санитарлық жағдайына қатысты мәселелер әлі де туындап отыр. Бұл ретте, мектеп асханасын жалға алушылардың да айтар уәжі бар. Павлодар қаласындағы №25 мектеп асханасын жалға алушы Бақыт Қазымқызы:

— Әр балаға бюджеттен бөлінетін қаражаттан қосымша құн салығы ұсталып қалады. Бұл жағдай біз үшін қиындық туғызып отыр. Мәселен, бастауыш сыныптағы 1 оқушыға 450 теңге берілсе, қолымызға 401 теңге ғана тиеді. Сол сияқты әлеуметтік санаттағы оқушыларға 690 теңге төленуі керек болса, бізге 616 теңге ғана беріледі. Күн сайын азық-түлік бағасы шарықтауда. Бірақ бір жыл бойы тамаққа белгіленген баға өзгеріссіз қалады. Осы жағы есепке алынса екен. Жалпы, өз басым бұл салада еңбек еткеніме 40 жылдай уақыт болды. Тамақ сапасына қатысты сұрақ туындаған жоқ. Өзім технолог маманы болғандықтан, істің жайын білемін, — дейді. Мұндай жағдайды басынан кешіріп отырған мектеп асханасын жалға алушылардың көбі тегін тамақтың сапасына әр балаға бөлінген қаражаттың бір бөлігі жол ортада салық ретінде ұсталып кететіні, сондай-ақ, тамақ өнімдерінің қымбаттауы да кері әсерін тигізетінін алға тартуда.

Тексеріле ме?

Бұл сұраққа жауап берген облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырова мектеп асханаларына басқарма тарапынан бақылау жүргізілмейтінін, мекеме тек тамақты ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатынын айтады.

— Облыстық білім беру басқармасы конкурс арқылы асхананы жалға алушыларды тағайын-дайды. Сөйтіп, №598 бұйрық негізінде 1 жылға келісімшарт жасайды. Осы уақыттың ішінде ата-ана, оқушы тарапынан шағым болмаса, жалға алушы екі жылға дейін келісімшартты ұзартуға құқылы. Негізі, құрамында саяси партиялар, қоғамдық ұйым өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау саласы мамандары бар ведомствоаралық сараптама тобы жұмыс істейді. Егер мектеп асханасына қатысты қандайда бір шағым түскен жағдайда, аталған топ тексеріс жасауға құқылы. Тамақ сапасына жалға алушы мен әр мектептегі бракераж комиссиялары жауапты, — дейді Самал Қанатқызы. Мектеп асханаларындағы тамақ сапасына қатысты мәселе халық қалаулыларын да толғандыруда. Алайда, кәсіпкерлердің ісін тексеруге қатысты жарияланған мораторий қолбайлау болып тұрғанын айтқан Павлодар қалалық мәслихаттың төрағасы Қобланбек Қожин:

— Егер келесі жылдың 1 қаңтарынан кейін мораторий тоқтатылса, құзырлы органдардың мектеп асханаларын тексеруге құқығы бар. Бірақ біз шектен шыға алмаймыз. Десе де, мониторингтік топ құру туралы ұсынысымызды Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы қолдап отыр. Сонымен, құрамында қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, ата-аналар комитетінің өкілдері бар арнайы топ мектептерге тосыннан барып, оқушылардың не ішіп-жейтінін қадағалаймыз деп жоспарлап отырмыз, — дейді. Бұл жағдай асхананы жалға алушылардың өз ісіне деген жауапкершілігін арттыруға оң ықпалын тигізеді деген үміттеміз. Ал диетолог мамандар «мектеп асханаларындағы тамақ сапасы талапқа сай» деп құр ауызбен айта салғанымызбен, ондағы тамақтың құнарлылығына қатысты әлі де мәселе бар екенін айтады. Алайда оны жіті тексеріп жатқан жандар жоқтың қасы. Мәселен, 7-10 жас аралығындағы баланың тамақ рационының құнарлылығы тәулігіне 2 000 килокалория, 13-14 жастағылар тәулігіне 2000-2750, 14-17 жас шамасындағылар 2500-3000 килокалориясы бар тамақ ішіп-жеуі керек екен. Яғни, ол үшін күніне бірнеше мәрте ыстық тамақ ішіп, ас мәзірінде құрамы дәрумендерге бай көкөністерден жасалған салаттар болуы тиіс. Өкінішке қарай, қарапайым мектептерде бұл норма сақталмайтыны айдан анық, дейді мамандар.

* * *

«Ас – адамның арқауы» демекші, жарты күнін мектепте өткізетін әр баланың дұрыс тамақтануы маңызды. Сол үшін мектеп асханаларын ұстап отырған жеке кәсіпкерлер оқушыларға берілетін тамақтың сапалы, құнарлы әрі таза болуына баса мән бергені жөн. Көпшілікті мазалаған бұл мәселе бұрнағы күні облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен аппараттық жиында да алғашқы болып көтерілді. Аймақ басшысы балалардың денсаулығы үшін оларды сапалы тамақпен қамтудың маңызы зор екенін айтып, жауапты мекемелерге мектептерге мониторинг жүргізуді және бұл мәселені қатаң назарда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, облыс басшысы бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен депутаттық корпус бірлесіп, тамақ мәселесін талқылау үшін барлық асхананы жалға алушылармен кездесу ұйымдастыру керектігін қадап айтты. Осы бағыттағы жұмыстар оң нәтиже беріп, мектеп асханасына қатысты мәселе туындамаса екен дейміз. Бұл – барша ата-ананың тілегі!

Нұржайна ШОДЫР.