Осыдан тура 70 жыл бұрын Екібастұз қаласында алғашқы қазақ мектебі ашылды. Кейін бұл оқу ордасына қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Қазақтың біртуар тұлғасының есімін арқалаған білім мекемесі бүгінде жоғары жетістіктерге жетіп, шәкірт-терімен мақтанады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

1954 жылы кеншілер шаһарында 440 орындық №2 жалпы орта білім беру мектебі қолданысқа тапсырылып, алғашқы оқушыларын қабылдай бастады. 1995 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына орай мектеп ұлы ақынның есімімен атала бастады. Ал таяуда іргелі оқу ордасы 70 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Салтанатты шараға Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қатысып, ұжым мен шәкірттердің қуанышына ортақтасты.

— 70 жыл аралығында оқытушылар құрамы өзгеріп, қаншама түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Осы уақыт ішінде оқу орны түрлі кезеңдерді өткерсе де, сапалы білім мен жоғары оқу үлгерімі әрдайым басты назарда болды. Бұл мектептен білім нәрін алған бір кездегі шәкірттер — қазіргі уақытта өндіріс саласының озық шеберлері, дәрігер, құрылысшы, журналист, мұғалім, кәсіпкерлер. Бастысы, Екібастұз өңірінің ғана емес, бүкіл елдің дамуына үлес қосып жүрген беделді азаматтар, — деп атап өтті шаһар басшысы.

Шынымен, алтын ұядан ұшқан оқушылардың табыстары бір төбе. Қаладағы мектептердің қара шаңырағы атанған білім ордасында қазақ телевизиясының жарқын өкілі Ласкер Сейітов, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басшысы Бағдат Мусин, ішкі істер бөлімінің басшысы болған Болатбай Әбенов секілді белгілі тұлғалар білім алған.

Сондай білімді шәкірттерді тәрбиелеп, бар білгенін үйреткен, мектептегі білімнің іргетасын қалаған ұстаздар қауымының да еңбегі зор. Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебі 1949 жылы ашылып, 1954 жылға дейін ақ шахтада орналасып, кейін барақ үйге көшірілген. Сол жылдары директор болып қызмет атқарған Нұртай Досжанов, Қазыбек Нұралиндерді бөле-жара айтқан жөн. Сол сияқты мектептің материалдық базасын нығайтып, республика көлемінде танымал болуына ықпал еткен Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі Тәжібай Шаймерденов, Халық ағарту ісінің үздігі Хабир Әлмұхамедов, Қазақ КСР Еңбек сіңірген мұғалімі, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Хадия Хакимзиянова, Бибігүл Кадренова, Нәкен Кұдышева, Зәбира Сматова, Сара Әбдірахманова, Шұға Темірғалиева, Мәктай Әбеноваларды ерекше атап өтуге болады.

Алдыңғы буын ұстаздар салған сара жолды бүгінде республикалық деңгейде іс-тәжірибе таратып жүрген Айдана Ермекбаева, Ботагөз Алғамбарова, Рыстыгүл Жантемірова, Гүлбақыт Қасымова сынды мұғалімдер лайықты жалғастырып жүр.

Осы орайда мектеп директоры Қарлығаш Ташенова оқушылардың жетістіктерін де тілге тиек етті.

— Екібастұздағы алғашқы қазақ мектептерінің бірі әрі ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімін арқалаған соң бізге артылар жауапкершілік жүгі де зор екенін білеміз. Сондықтан балаларға сапалы білім беру үшін барымызды саламыз. Шәкірттеріміз де биік белестерді бағындырып, қуантып жүр. Айталық, оқушыларымыз облыстық пән олимпиадасы, Сәтбаев оқулары, Абай оқулары сияқты сындардан олжалы оралуды игі дәстүрге айналдырған. Спорттық сайыстардан да қоржынымыз бос қайтқан емес, — дейді мектеп басшысы.

Алайда оқу орнының іші-сырты ұзақ уақыт бойы тиісті қараусыз қалып, сүреңсіз күйге түскен еді. Көптен көңіл бөлінбеген бұл мектеп туралы біздің басылым өткен жылы мәселе көтеріп, жергілікті биліктің назарын аудартқан еді. Көптің тілегі ескеріліп, былтыр жылу жүйесі жаңартылып, су құбырлары ауыстырылды. Биыл мектептің шатыры күрделі жөндеуден өтіп, терезелері, қоршауы мен қасбеті ретке келтірілді. Сөйтіп, білім беру мекемесіндегі 750 оқушы мен 58 педагогқа жайлы жағдай жасалды. Оқу ордасының 70 жылдық мерейтойына бұл жақсы тарту болды.

 

Екібастұз қаласы.