Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында адами капитал – ел дамуының негізі екенін айқындап, осы бағытты дамытуға айрықша мән берген болатын. Маңызды құжатта айтылған мәселелер аймағымызда өз деңгейінде орындалуда. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Аталмыш жиынға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова және басқарма басшылары қатысты.
— Біздің сауатты, білімді, спортты серік еткен және мәдени тұрғыда дамуымызға мемлекеттің тұрақтылығы мен болашақта бәсекеге қабілетті болуы тікелей байланысты, — деген Айгүл Қайыртасқызы адами капиталды нығайту мақсатында аймағымыздың әр саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Оның айтуынша, алдымен өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға басымдық берілген. Бүгінде облыс бойынша 650 мыңнан астам адам, яғни тұрғындардың 85,6 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылған. Демек, павлодарлықтардың басым бөлігінің медициналық қызметтерді толық көлемде алуға мүмкіндігі бар. Ауыл тұрғындарына да дәрігерлік көмек қолжетімді болуы үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары елді мекендерде 30 емдеу мекемесінің құрылысын салу жоспарланған. Былтыр оның 24-і пайдалануға берілген. Ал 6 нысан
ағымдағы жыл аяғына дейін ашылмақ. Бұл жұмыстарға 4,8 млрд теңге бағытталған. Профилактикалық жұмыстарды жүргізу ісі де дұрыс жолға қойылған. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Денсаулық аралдары» акциясы аясында облыс дәрігерлері тұрғындармен кездесулер өткізіп, кеңес беруді дәстүрге айналдырған. Тек биыл жыл басынан бері мұндай 400-ден астам шара өткен. Сондай-ақ, мәселелер де жоқ емес. Қазіргі күні өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде 8 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етіп жатқанымен, маман тапшылығы әлі де бар. Әсіресе, ауылдық жерлерде дәрігер жетіспейтіні жасырын емес.
— Осы жағдайды шешу үшін жыл сайын облыс әкімінің гранттары беріледі және «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы іске асуда. Бұл бағдарлама аясында биыл 102 жас маман жұмысқа тартылады деп жоспарлануда. Оларға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Мәселен, көтерме жәрдемақы, тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несиелер, мемлекет есебінен біліктілікті арттыру мүмкіндігі берілмек, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
Білім беру саласы да басты назарда. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аймағымызда кәсіптік-техникалық білім беру саласы дамуда. Айталық, республикалық «1000 бейінді сынып» жобасын іске асыру бойынша осы оқу жылында 50 мектепте бейінді сыныптар ашылып, 30 бағыт бойынша мамандар даярланбақ. Сонымен қатар, біздің облыс бірінші болып іске қосқан «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» жобасы бойынша өңір үшін ең өзекті
40 жаңа мамандық құрылып, 8 мыңнан астам студент қамтылады деп күтілуде. Колледждерді жаңғырту жұмыстары да табысты жүргізілуде. Биыл Ақтоғай, Железин, Ертіс, Успен және Тереңкөл аудандарындағы 5 аграрлық-техникалық колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Бұл мақсатқа 250 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, 15 мектепке, оның ішінде 14 ауылдық білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бірнеше жаңа білім ордасы ашылып, аймағымызда үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін таппақ.
Спорт саласында да ауыз толтырып айтарлықтай игі істер қолға алынуда. Бүгінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағындағы 32 мекеме табысты жұмыс істеуде. Жалпы, өңірде 2200 спорттық ғимарат бар. Жаңа нысандар салу мәселесі де назарда. Тек ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында 7 спорттық мекеме салынған. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының осыдан 3 жыл бұрын облысымызға жұмыс сапарымен келген кездегі Павлодар қаласында көпфункционалды мұз сарайын салу туралы тапсырмасын орындау бойынша жұмыстар жүргізілуде, деді Айгүл Мәлікова. Бүгінде жаңа нысан бой көтеретін орын белгіленіп, мердігер анықталған.
Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік қорғау саласындағы жағдай да тұрақты екенін мәлім етті. Оның айтуынша, 2025 жылдың 2-тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған. Осы жылы
25 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ал бүгінде
21,7 мың жұмыс орны құрылған. Оның 15 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орны екенін атап өткен жөн.
Мәдениет саласында да атқарылған жұмыстар аз емес. Осы жылы Павлодар, Ақсу қалалары мен Ертіс, Павлодар аудандарының ауылдарында жаңа мәдени орталықтар салынуда. Ал Ақтоғай, Май, Павлодар, Тереңкөл, Шарбақты аудандарына қарасты елді мекендердегі мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биыл әйгілі жерлестеріміз — Иса Байзақов, Жаяу Мұса, Қадыр Тайшықов, Қалмұқан Исабаев, Қуат Әбусейітовтің мерейтойларын кең көлемде атап өтуге басымдық берілгені де сөз болды.
Баспасөз мәслихатының соңында облыс әкімінің орынбасары мен басқарма басшылары өңірдегі журналистерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Тілшілердің бірі өңірімізде белгілі тұлғалар жайлы жарыққа шығып жатқан кітаптардың мазмұны сапасыз, яғни көп ақпарат одан-бұдан құрастырылғаны әрі нақты зерттеу жоқ екенін сөз етті. Бұл мәселеге қатысты жауап берген Айгүл Мәлікова мұндай кітаптарға сараптама жүргізетін орталық құруға болатынын айтты. Енді бірі өңір мектептерінде әлі күнге дейін зейнет жасындағы директорлардың жылы орнынан қозғалмай отыруын сөз етті. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенова қазіргі күні Павлодар қаласындағы зейнетке шыққан екі мектеп басшысының босатылғанын, жалпы өңірдегі 70-тен астам білім ордасында директор тапшылығы бар екенін мәлімдеді.
— Мектеп директорларының жалақысы аз. Әрі басшыларға арналған тесттен өту қиын. Сол үшін біз резервте тұрған ұстаздарды оқыту жұмыстарын жүргізіп, бұл мәселені жүйелі түрде шешудеміз, — деді ол. Жиында осы оқу жылынан бастап балабақшаларда көпбалалы отбасыларындағы балалардың тегін тамақтан қағылғаны айтылды. Басқарма басшысы министрліктің Қаулысы бойынша тек АӘК алатын отбасыларының балаларына ғана тегін тамақ берілетінін атап өтті. Тегін дәрі-дәрмек алатын адамдардың айлап кезек күтетіні де айтылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков жыл сайын диспансерлік есепте тұрған азаматтар тегін дәрімен толық қамтамасыз етілетінін, алайда жаңадан есепке алынған науқастардың құжаттарын рәсімдеп, тиісті мекемелер бекіткенше кезек күтіп қалуы мүмкін екенін түсіндірді. Баспасөз мәслихатында әлеуметтік салаға қатысты өзге де мәселелер көтерілді.
Нұржайна ШОДЫР.