Биылғы жаз Ертіс ауданының оқушылары үшін ерекше қызыққа толы. Олай дейтініміз, жақында аудандық білім беру бөлімінің жазғы жоспарына сәйкес, «Арман дала» жобасы шеңберінде «Балалар шығармашылық және бос уақытты қамту орталығының» ұйымдастыруымен туристік слет өтті.

 

Аталмыш шара Сілеті ауылдық округінің Қызылағаш ауылының орманды алқа-бында бастау алды. Ертіс ауданында жалпы білім беретін 25 мектеп бар болса, соның жартысынан көбі осынау туристік саяхатқа белсенді қатысты. Бірлік негізгі мектебінің ұжымы слетке барған барша қатысушыны құшақ жая қарсы алып, нағыз қазақы мінез танытып, қонақжайлылығын көрсетті. Бұдан кейін балалар мен ұстаздарды Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына кіретін Түгел батыр зиратына апарып, бабалар рухына тағзым етті. Бірлік мектебінің мұғалімі Динара Бейсембайқызы оқушыларға Түгел батыр бабаның өмір тарихы жайлы сыр шертті. Ол, ХVІІІ ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы күресте қол бастаған сардарлардың бірі. Түгел батырдың есімі Павлодар, Көкшетау, Омбы, Ақмола облыстарына кеңінен танымал. Батырдың тоғыз әйелінен тараған 16 ұлдың ұрпақтары осы облыстың аудандарында тұрады. Ертіс ауданының жерінде Қорғанкөл, Найза, Бөгенбай, Қарамола, Жазы төбе, Қалмақ моласы, Мойнақ ауылы, Мойнақ көлі, Жалаулы деген атаулар бар. Осы атаулардың бәрі де — жергілікті халықтардың басқаншыларымен болған соғыс тарихының куәсі. Одан әрі көңілді күн өз жалғасын тауып, ұл балалар балық аулау жарысына белсене кіріссе, қыз балалар далада ас пісіріп, от жағу сайыстарында бақтарын сынады. Сонымен қатар, оқушылар өзге де түрлі кезеңдік тапсырмаларды орындап, өзара сынға түсті. Әр команда атауларын қойып, өз ұрандары мен туларын алып туристік слеттің көрігін қыздырды. Нағыз туристік ойындардың бірі — «Арқанға өрмелеу». Бұл өрмелеп шығу тік, көлбеу және көлденең бағытқа өрмелеп шығу түрлерінен тұрады. Яғни, арқанмен өрмелеп шығудың үш тәсілі бар. Дәл осы ойында балалар өздерінің қаншалықты төзімді әрі епті екендерін көрсетіп, үнемі спортпен шұғылданып жүретіндерін дәлелдеді. Осы күннің ең көңілді ойындарының бірі арқан тарту болды. Бұл ойынға слетке барғандардың барлығы қатысты. Оқушылар жеке арқан тартысса, мұғалімдер жеке, мекеме басшылары бір топ болып еркін дала төсінде тамаша ойын көрсетті. Әр сайыстың өз мәресі болатыны белгілі. Қызыққа толы туристік слетте алғырлықтарымен оқ бойы озып шыққан Бірлік негізгі мектебінің «Қыран» командасы жеңімпаз атанды. Өздерінің намысқойлығымен ешкімге есесін жібермейтін Қызылқақ мектебінің «Сұңқар» командасы 2-орынды қанжығасына байласа, 3-орынды Ленин мектебінің оқушылары жеңіп алды. Жеңімпаз оқушылар мен барлық қатысушыға бағалы сыйлықтар мен тәттілер табыс-талды. Бұл сыйлықтарға Ертіс аудандық мәслихатының депутаты, Бірлік ауылының тұрғыны Сағымбай Уабов демеушілік жасады. Жыл бойы оқу деп өздеріне бір сәт көңіл бөлмеген қосымша білім беру педагогтары мен оқушылар осы күні бір серпіліп, табиғатпен етене араласып, ерекше көңілді жүрді. Жайдарлы жазды Ертіс ауданының педагогтары мен шәкірттері осылай қызықты өткізуде.

Нарқұлан РАЙХАНҰЛЫ,

журналист, филология ғылымдарының магистрі, қосымша білім беру педагогы,  Ертіс ауылы.