Атығайда мектеп салынуда

Қыр 18, 2025

Екібастұз қаласының ауылдық аймағы – Атығай елді мекенінде жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Ауылдықтар үшін маңызды әлеуметтік нысанның құрылыс барысымен шаһар басшысы Аян Бейсекин арнайы танысты. Бұл туралы қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Қазіргі таңда нысанның іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілуде. Мердігер ұйым қыркүйектің соңына дейін екінші қабатты жабуды жоспарлап отыр. Содан кейін шатыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстарына кіріспек.

— Ауыл мектебін салу мәселесі тұрғындар тарапынан бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Соңғы жылдары Атығай ауылында халық санының өсуі және бала туу көрсеткішінің жоғарылауы байқалады. Қазіргі таңда балалар бұрынғы балабақша ғимаратында білім алуда. Жоба облыс әкімінің қолдауымен және демеушілік қаржы жәрдемімен іске асуда. Бұл нысан елді мекен үшін өте маңызды. Құрылыс жүргізудің барлық ресурстарымен қамтылып отыр. Сондықтан, сапалы салу қажет, — деді қала әкімі А.Бейсекин.

Мердігер ұйымның мәлім-деуінше, құрылыс алаңында бүгінде 25 адам жұмыс істеуде. Екі қабатты мектеп 120 оқушыға шақталып салынып жатыр. Білім ордасы заманауи құрал-жабдықтары бар кабинеттермен, спорт залмен қамтылады. Жобада балалар ойын алаңы, абаттандырылған аумағы қарастырылған.

Г.ТҮГЕЛБАЙ, Екібастұз қаласы.