Бұған дейін Павлодар ауданы Бірлік ауылының оқушылары білім алу үшін қысы-жазы Заря ауылындағы мектепке қатынайтын. Енді мұндай қолайсыздық артта қалды. Бірлік ауылында жеке білім ордасы бой көтерді. Бұл — ауыл тарихындағы алғашқы мектеп.
Бірлікте 40 жыл көлемінде білім ошағы болмаған. 1990 жылы ауылдағы балабақша да өз жұмысын тоқтатқан. Ауылдағы 100-ге жуық бала сабақ оқу үшін күн сайын республикалық трасса арқылы Заря ауылына қатынап, төрт ауысыммен оқуға мәжбүр болды. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдады. Елді мекенде мектептің болмауы салдарынан оқушылар қосымша үйірмелер мен секцияларға да бара алмады. Ауыл тұрғындары мектеп мәселесін бірнеше мәрте көтерген. Жаңа мектеп салу туралы шешім былтыр қабылданған болатын.
Бірлік жалпы орта білім беру мектебінің ашылу салтанатына облыс әкімі Асайын Байханов арнайы қатысты. Аймақ басшысы осы күнді асыға күткен ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды білім ордасының ашылу салтанатымен құттықтады.
— Өткен жылдың ақпан айында ауыл тұрғындары маған балаларының қандай жағдайда білім алып жатқанын айтқан еді. Сол кезде мәселені шешуге уәде бердім. Бірлік ауылында ерекше тарихи күн орын алып отыр. Біз заман талабына сай жайлы, толық жабдықталған жаңа мектептің ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаевтың білім саласына көңіл бөлуі осындай игі істерден көрініс табуда. Бірлік мектебі де — осы бағыттағы нәтиженің бірі. Баршаңызға берген уәдеміз сөз жүзінде емес, нақты іспен орындалғанына қуаныштымын. Өйткені халықтың сенімі — тікелей біздің жауапкершілігіміз. Ата-аналар мен ауыл тұрғындарына қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын. Білім шаңырағы балалардың болашағына жол ашсын, — деді аймақ басшысы.
Жаңа мектеп 120 оқушыға арналған. Мұнда 14 кабинет, оның ішінде информатика, химия және биология пәндері бойынша мамандандырылған кабинеттер жабдықталған, заманауи спорт залы, шеберхана, кітапхана, мәжіліс залы, асхана және медициналық кабинет бар. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін 40 орындық шағын орталық ашылды.
Мектеп директоры Көлтай Кәлелханұлының айтуынша, білім ордасында 85 бала оқиды.
— Конституция күнінде ауылымызда жаңа мектеп ашылып отыр. Бұған дейін ауылдағы оқушылар 3 шақрым қашықтықта орналасқан Заря ауылдық округіндегі мектепке автобуспен қатынап, оқитын. Биыл сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталды. Мекемеде барлығы 45 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 25 ұстаз бар. Мұғалімдердің бәрі жас маман екенін атап өткім келеді. Мектепте шағын орталыққа 20 бала қабылданды. Облыс әкіміне білім ордасының іргесін қалауға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, — деді мектеп директоры.
Биыл мектеп табалдырығын 9 оқушы аттап отыр. Даярлық сыныпта 12 оқушы білім алса, 3 оқушы 11-сыныпқа көшкен. Олардың қатарында Даяна Қобылан да бар.
— Биыл жаңа мектебіміздің алғашқы түлегі атанғалы отырмыз. Мектеп іші кең әрі заманауи. Қыстың күні аязда автобуспен көрші ауылға қатынау қиын болатын. Енді үйден шығып, тура мектепке барамыз, — дейді мектеп түлегі.
Мектептің салтанатты лента қию рәсімін ардагер ұстаз Қымбат Сейтахметқызы мен 6-сыныптың үздік оқушысы Әмірхан Абылқияс өткізді. Ата-аналар атынан сөз сөйлеген Қабдеш Кәрімұлы аймақ басшылығына ризашылығын жеткізіп, оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Атап өтерлігі, мектеп ауласында балалар ойын алаңы мен спорт алаңы да салынған. Оқушылар футбол, волейбол ойнап, бос уақытын тиімді өткізе алады. Мектептің ашылу салтанатында ауыл үлкендері шашу шашып, мектеп оқушылары ән мен күй орындады. Ата-аналар қауымы аймақ басшысына алғыстарын жаудырып, жылы лебізін білдірді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА, Павлодар ауданы.