Екібастұз қаласының ауылдық аймағының оқушылары Конституция күніне орай және жаңа оқу жылы қарсаңында айрықша сыйлыққа ие болды.
Екібастұз қаласының ауылдық аймағының Зеленая роща ауылындағы Қ.Алғамбаров атындағы мектептің бастауыш сыныптары оқитын жаңа қосымша ғимарат қолданысқа берілді. Жалпы ауданы 143 шаршы метрді құрайтын ғимаратты «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров өз қаражатына салып берді. Аталмыш ауылға арнайы барған аймақ басшысы Асайын Байханов құрылысы аяқталған жаңа ғимаратты аралап, атқарылған жұмыстың нәтижесімен танысты.
2018 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1964 жылы бой көтерген ауданы 360,2 шаршы метрлік ескі мектепке 1020 шаршы метр болатын жапсарлас жаңа ғимарат салынды. Сондай-ақ, пешпен жылытылатын ескі жүйенің орнына модульдік қазандық орнатылды. Сол кезде «Табыс» шаруа қожалығының қолдауымен спорт залы салынған.
Қабылданған шаралар тозығы жеткен шағын мектептің оқушыларын жаңа қосымша ғимаратқа ауыстыруға мүмкіндік берді. Ескі мектеп ғимараты 2023 жылы апатты деп танылып, бұзылды. Алайда, осы уақыт ішінде мектептің бастауыш сыныптары екі ауысымда оқып келген еді.
Биылғы оқу жылында бизнестің жоғары әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында Зеленая роща ауылындағы бастауыш мектептің 19 баласы оқуларын жаңадан салынған кең әрі жарық кабинеттерде бастайды. Жоғары сыныптар 2018 жылы салынған мектеп ғимаратында оқуын жалғастырады.
— Туған ауылына, оның тұрғындарына, болашақ дамуына және бірінші кезекте өскелең ұрпақпен байланысты жоғары әлеуметтік жауапкершілік, әрине, құрметке әбден лайық. Туған өңірінің тағдырына бейжай қарамай, көмек қолын созған барлық меценаттар мен демеушілерге алғысымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан азаматтарымыздың әл-ауқатын және облыстың өркендеуін арттыру үшін бар күшімізді саламыз, — деді облыс әкімі.
Облыс әкімі мектепке робототехника кабинетінің жабдықтарын және спорт құралдарын сатып алуға 30 млн теңгеге сертификат табыстады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.