2015-2023 жылдар аралығында облыс бойынша 773 көшенің, 44 елді мекеннің атауы өзгертілген. Соңғы 2023 жылдың өзінде 145 көшенің, 1 кенттің, 8 ауыл мен 6 округтің атауы қайта аталды. Бұл туралы «Жер-су атауларының қалыптасу тарихы» облыстық форумында айтылды.
Шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, география ғылымдарының докторы Қуат Сапаров, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталы-ғының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Гүлназ Төкенқызы, Марғұлан университетінің профессоры, ф.ғ.д. Бекен Сағындықұлы, Торайғыров университетінің профессоры, фило-софия ғ.к, тарихшы Амантай Құдабаев қатысып, ауыл, елді мекендердің тарихи атауын анықту және қайтару жөнінде баяндама жасады.
Ертіс-Баян өңірінде Тәуелсіздік жылдарынан бері идеологиялық тұрғыда ескірген 120-ға жуық елді мекеннің атауы өзгеріп, қазақша атау берілді. Бірақ тарихи атауын таппаған ауылдар әлі де баршылық, шамамен 100-ден астам елді мекеннің стелласы бүгінде өзге тілде жазылып тұр.
— Жалпы, ономастика, соның ішінде топонимикалық зерттеулер жұмысы қашан да өзекті болып табылады. Жер-су атауларын қалпына келтіру мәселесі саяси-идеологиялық тұрғыдан алып қарағанда өте маңызды. Соңғы уақытта ауылдардың атауын өзгертуде кейбір мәселені халық өзі шешсін деп, тұрғындардың еншісіне беріп жүрміз. Мысал үшін айтсақ, бұрынғы Ленин кентінің атауын өзгертер кезде алдымен халықтың пікірімен санасып, жергілікті жұрттың шешіміне тоқтадық. Міне, соның арқасында барлығына ортақ Атамекен атауы таңдалды. Бұл біздің елдің азаматтарының берекесі мен бірлігін көрсетті, — деді басқарма басшысы Медет Тауасқан.
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, география ғылымдарының докторы Қуат Сапаровтың айтуынша, бұрынғы адамдар жер-су мен қоныс атауларына ерекше мән беріп, өте мәнді де мағыналы ат қойған. Себебі, қазір орыс тілінде аталып жүрген қай ауылдың тарихына үңілсеңіз де, ар жағынан қазақша атауы шығады.
— Жалпы, соңғы 33 жыл ішінде 120 елді мекен атауы өзгертілді, әлі де 100-ден астам ауылдың тарихи атауын қайтара алған жоқпыз. Бұлардың жартысы патшалық Ресей тұсында қойылған болса, кейбірі кеңестік кезеңде қалыптасып, әбден сіңіп кетті. Бірақ, ондай атаулардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, идеологиялық тұрғыдан біздің тарихымыз бен мәдениетімізге сәйкес келмейді. Сондықтан мұндай атаулардың бізге жат екенін ғылыми тұрғыда негіздеп, барлығынан бас тартуымыз керек. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Павлодар облысының батыс және шығыс қақпасы саналатын екі кенттің атауын өзгерттік. Олар — қазіргі Кемеңгер және Атамекен ауылдары. Сондықтан, әрекет болса түбі берекетке апаратынына көзіміз жетті, — деді Қуат Сапаров.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін облысқа қарасты екі аудан және бір қаланың топонимдері туралы кітап жарыққа шыққан. Олар – «Ертістің Аққулы өңірінің жер-су аттары», «Баянаула топонимикасы» және «Екібастұз өңірінің жер-су аттарының жинағы» деп аталады.
Тілеуберді САХАБА.