Ауыл мектебінің әлеуеті артады

Ақп 27, 2025

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға арналған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бағыттағы іс-шаралар облысымызда да қолға алынып жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, өңірімізде ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологиялардың көмегімен дамытуға арналған жаңа жоба жүзеге асуда. 

Бірден айта кетерлігі, аталмыш жоба алдымен Ақтөбе облысында тәжірибеден өткен. Екінші болып Павлодар облысындағы екі тірек және алты шағын жинақты мектепке енгізілген болатын. Ал ағымдағы жылы пилоттық жобаға Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Железин, Павлодар, Успен, Шарбақты, Аққулы және Тереңкөл аудандарынан тағы тоғыз тірек және 34 шағын жинақты мектеп кіріп, жұмыс істеуде. Аталмыш білім беру мекемелерінде 3588 оқушы оқиды және оларға 267 мұғалім сабақ береді.

Облыстық білім беру басқармасының өкілдері бұл жоба қалалық және ауылдық мектептердің арасындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мамандардың сөзіне қарағанда, жаңа жоба ауылдағы шағын жинақты мектептердің жабылуының алдын алып, ондағы оқушылардың сапалы білім алуына әрі әлеуметтенуіне оң ықпалын тигізбек. Өйткені, тірек мектептердің тәжірибелі ұстаздары физика, химия, биология, математика, ағылшын тілі бойынша шағын жинақты білім беру мекемелерінің шәкірттеріне 20 минуттық онлайн сабақтар өткізеді. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар біртіндеп өз нәтижесін беруде.

Басқарма өкілдерінің сөзіне қарағанда, ауыл және қала мектептері арасындағы алшақтық балалардың олимпиадаларда, түрлі байқауларда және оқу жылындағы үлгерімінің сапасы бойынша бағаланады. Бұл ретте, өңірде бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, біріншісі — инновациялық әдістер. Осы бағыт бойынша сегіз ауылдық мектеп белгіленіп, функционалдық сауаттылық және сыныптан тыс қолдау бойынша тапсырмаларды шешудің тиімді тәсілдері қолданылмақ. Екіншісі — «Қала – ауылға» жобасы. Оған 269 ауылдық мектеп, 12 мамандандырылған мектеп және сегіз мыңнан астам педагог қатысады деп жоспарлануда. Жоба педагог-шеберлер мен зерттеушілердің, «Үздік педагог» атағы бар мұғалімдердің тәжірибесін, сондай-ақ дарынды балаларға арналған облыстық мектептер жанындағы 13 оқу-әдістемелік орталық арқылы жекелеген пәндерді оқытудың озық үлгісін таратуға арналған. Үшіншісі — тәжірибе алмасу және ынталандыру бағыты. Мұнда мұғалімдер балаларды зерттеуге сапалы дайындауды үйренеді. Білікті мамандар жас әріптестері үшін сауатты болу, креативті ойлау және жылдар бойы алған білімдерін іс жүзінде қолдана білу үшін тәжірибе алмасады. Төртіншісі – олимпиадаларға қатысу. Осы орайда ауыл мектептері үшін «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының білім беру сапасы көрсеткіштерінің бірі болып саналатынын айта кеткен жөн. Өткен жылы бұл байқауға қатысқан 52 оқушы жеңімпаз атанған. Олардың жартысының облыс орталығындағы дарын-ды балаларға арналған маман-дандырылған мектептерінде білім алуына мүмкіндігі бар.

Қуантарлығы, соңғы төрт жылда ауыл оқушыларының пәндік олимпиадаларға, жарыстарға, ғылыми жобаларға қатысу көрсеткіштері 12 пайыздан 27 пайызға дейін артқан. Бесіншісі – жарақтандыру жобасы. Бұл бағыт бойынша мектептердің материалдық-техникалық базасын үздіксіз жаңартып отыруға назар аударылады. Оқушы жетістігінің өсуіне оның да оң ықпалы бар. Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Ертіс, Баянауыл, Ақтоғай, Павлодар, Тереңкөл, Аққулы және Екібастұз аудандарының сегіз мектебінде робототехника, мультимедия кабинеттері мен STEM-зертханасы ашылған.

Жалпы, бүгінде облыс бойынша 354 мектеп бар болса, оның 269-ы ауыл мектебі болып саналады. Оларда 34 мыңға жуық бала білім алады. Ал ел бойынша 8 мыңға жуық мектеп бар, оның 70 пайызға жуығы елді мекендерде орналасқан. Сондай-ақ, ауыл мектебінің әрбір екіншісі шағын жинақты білім мекемесі болып табылады. Демек, отандық білім беру саласындағы ауыл мен қала мектебі арасындағы алшақтықты жоюға арналған жаңа реформаның берері мол болмақ.

Н.ШОДЫР.