АҚШ-қа жолдама алды

Ақп 27, 2025

Өңіріміздегі «Сатурн» робототехника мектебінің «Атлантис» командасы Орта Азиялық «First»  байқауында жүлделі орынды иеленді. 7 елден жиналған 3000 қатысушы арасынан үздік атанған жас ғалымдар АҚШ-тағы Хьюстон қаласына жолдама алды.

Қатаң іріктеуден ойдағыдай өтіп, «Explore» кезеңінде жобаларын үздік қорғаған команда жартыжылдық дайындығының жемісін көрді. Команда құра-мындағы Элеонора Гейер, Данат Қасымов, Дария Жанас-паева, Жанали Бағдат алға қойған мақсаттарына нық жетіп, ұстаздарының үмітін толығымен ақтады.

–  Біздің мектеп 2021 жылы құрылды. Өткен жылы өңірлік, республикалық сайыстардың жеңімпазы атанып, кейін халықаралық фестивальдерде жүлделі орынға ие болып, жеңіс шыңын бағындырдық. Сондай-ақ, ІТ саласындағы белгілі сайыстардың бірі  –  «First» әдеттегі байқаудан күрделірек. Мұнда ойлап тапқан жобаларының пайдасы мен мәселені шешудегі оң тұстарын нақты дәлелдеп, командамен етене байланыс орнату керек. Яғни, бұл – инфокоммуника-циялық байланыстың қарқынды даму жолдарының бірі, – деді  мектептің ғылыми жетекшілерінің бірі Алексей Ли.

Бүгінде «Атлантис» ұйымы АҚШ-тағы байқауда бақ сынау үшін құжаттарын жинай бастаған. Робототехника мектебі жеке меншік ұйым болғандықтан демеушілер керек. Одан бөлек, әлеуметтік желідегі жазылымы көп белгілі парақшалар аталмыш жаңалықпен қалың көпшілікпен бөлісіп, қолдау көрсетуде. Павлодар өңірі мен қазақ елін әлемге танытатын жас таланттарға сәттілік тілеп, алдағы сыннан да сүрінбей өтуін тілейміз!

Салтанат ҒАББАС.