Шыны керек, бүгінде саны бар, сапасы жоқ түрлі байқаулар қаптап кетті. Бір қызығы, олардың көбі ақылы түрде ұйымдастырылады екен. Яғни, ақшасын төлеп, оп-оңай онлайн қатысып, диплом мен сертификатқа еш қиындықсыз қол жеткізуге болады. Ал бұдан оқушы мен ұстаз не ұтады? Мұндай күмәнді конкурстар мен мәнсіз марапаттардың қандай пайдасы бар? Әлде, өз-өзін алдау ма? Осы мәселеге сала мамандары мен ата-аналар не дейді?

Ата-аналар пікірі қалай?

Жыл сайын оқу бастала салысымен балабақша мен мектептерде «мынандай байқау жарияланып жатыр, анандай сайыс өтеді екен, балаларыңыз қатысып көрсінші!» деген жалынышты әңгімелерді жиі еститініміз жасырын емес. Әрине, кез келген ата-ана бауыр еті баласының байқауларда бақ сынап, жақсы нәтижеге жеткенін қалайды. Сөйтіп, ойланбастан ұл-қызын бәйгеге қосу үшін ештеңеден аянбайтындар көп. Алайда мұндай байқаулардың басым бөлігі ақылы түрде өтетініне қарамастан, «балам қатысып, орын алса болды» дейтін ата-аналардың аз еместігі байқалады. Солардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Ләззат Жұмабаева:

— Өз басым екі баламды да барлық байқауға қатыстыруға тырысамын. Көбінесе ақылы конкурс-тардан орын алып, дипломдар мен сертификаттарға ие болады. Олардың әр жетістігіне қуанамын. Кейде мұғалімдері көмектесіп жатады. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Негізі, тегін өтетін сайыстарға кез келген бала қатыса алмайды, ал ақылы байқауларға қатысу үшін мүмкіндік көп. Сондықтан ақылы конкурстардың өткені де, оған қатысқан да өте дұрыс деп санаймын. Бұл – балалардың оқуға деген ынта-жігерін арттырып, мотивация береді. Жалпы, әр баланың қабілеті әр түрлі келеді, бірі туғанынан дарынды, енді бірінің ой-өрісі таяз дегендей. Бірақ барлық бала бақытты болуға, жетістікке жетуге, марапат алуға лайықты. Осы жағынан алып қарағанда, ақылы конкурстар қажет деп есептеймін және оны ұйымдастырушыларды қолдаймын, — дейді. Павлодар қаласының тұрғыны, зейнеткер Ержан Нұрдолда да немересін ақылы байқауларға қатыстыруға қарсы емес екенін, тіпті, өзі бірнеше рет зейнетақысынан конкурсқа қатысу ақысын төлегенін айтады.

— Немерем екі-үш рет ақша төлейтін байқауға қатысып, бәрінен 1 және 2-ші орын иеленді. «Ата, сайысқа қатысайын ба?», — деп рұқсат сұрады. Зейнетақымнан әрқайсысына 500-1000 теңгеден ақша бердім, әйтеуір диплом алып, бәрімізді қуантты. Дипломына туыстардан көрімдік те жинап алды. Балалар үшін осындай білім сайыстарының көп өткізілгенін құптаймын. Ақылы бола берсін, ақшасын төлеуге дайынбыз, — дейді ақсақал.

Ал керісінше, ақылы конкурстарға деген көзқарасы теріс ата-аналар да баршылық. Олардың көбі мұндай байқаулардың көздегені ақшаны далаға шашу әрі баланы алдау деген пікірде.

— Ақылы байқаулардың мақсаты баланың білімін таразылау емес, ақша табу деп ойлаймын. Қазір мұндай сайыстарға балаларым мен немерелерімді мүлдем қатыстырмаймын. Себебі, кезінде өзім де білім беру саласында еңбек еткен адаммын. Осындай байқаулар жарияланғанын естігенде, артық сөзі жоқ, ақшасы бар-ау деген ата-аналарды балаларын қатыстыруға үгіттейтінбіз. Олардың төлеген ақысы босқа кетпесін деген оймен барлық тапсырманы өзіміз орындап беретінбіз. Оның үстіне оқушының жүлделі орын алғаны мұғалім үшін үлкен мәртебе ғой, сол құр атаққа мәз болатынбыз. Осылай өз-өзімізді алдап жүргенімізді енді ғана түсінгендеймін. Кейбір мұғалімдер өзінің біліктілік санатын көтеру үшін шәкіртінің жетістігі қажет болғандықтан шарасыздан осындай қадамға барып жатады. Қандай жағдай болса да бір жапырақ жалған қағаздан абырой қымбат екенін ұғынған жөн деп ойлаймын, — дейді өткен ісіне өкінішін білдірген ардагер ұстаз Рақия.

Осылайша, ата-аналардың ой-пікірі екіге жарылуда. Яғни, бірі ақылы байқауды қолдаса, енді бірі қарсылық танытуда. Десе де, таңдау жасау – әркімнің өз еркі екенін естен шығармаған жөн.

Мұғалімдер не дейді?

«Ащы мен тұщыны татқан білер, алыс пен жақынды жортқан білер», — демекші, ақылы конкурстардың қаншалықты қажет екенін білім беру саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандардан артық ешкім айта алмасы анық. Бұл ретте, білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тәжірибелі ұстаз, «Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының мұғалімі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Әсемгүл Тұрғанбекова оқушы үшін ақылы байқаулардың берері аз екенін айтады.

— Қазіргі таңда әр мұғалім өз оқушысын ақылы конкурстарға қатыстыра ма, жоқ па, оны өзі таңдайды. Бірақ бұл байқаулардың балаға беретін түк пайдасы жоқ деп ойлаймын. Ал ҚР Оқу-ағарту министрлігі және облыстық білім беру басқармасы тарапынан ұйымдастырылатын шаралар, түрлі оқулар мен сайыстар тегін әрі оқушылар да қуана қатысады. Әр конкурсқа, оқуға қатысып келген балаларымыз өз әсерлерімен бөлісіп, кейде қуанып, кейде орын алмағаны үшін мұңайып жатады. «Келесі жолы жақсы дайындаламын» деп алдына мақсат қояды. Міне, осындай іс-шаралар арқылы балалар тәжірибе жинайды, білімі де толығады. Демек, ақылы және тегін байқаулардың арасында үлкен айырмашылық бар. Ақылы конкурс-  тарды жекеменшік мекемелер ұйымдастыратындықтан қаражат табу мақсатын көздеуі мүмкін деген ойдамын, — дейді. Білім беру саласында жарты ғасырға жуық қызмет істеп келе жатқан ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, екібастұздық мұғалім Майра Байшина да бұрын ақылы байқаулар болмағанын, қазір нарық заманына сай көптеген конкурстардың ақылы түрде өтуі ешкімге де пайда әкелмейтінін айтып, қысқа қайырды. Ал Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылындағы жалпы білім беру мектебінің жоғары санатты маманы, тәжірибелі мұғалім Бисара Абайхан ақылы байқаулар көп екенін, бірақ солардың ішіндегі пайдасы бар-ау дегендеріне ғана оқушыларын қатыстыратынын алға тартады.

— Әрине, ақылы түрде өтетін конкурс жетеді. Өз басым шәкірттерімді тек біліктілік категориясының талаптарына жарайтын «Ақбота», «Бастау», «Кенгуру» сынды байқауларға қатыстырамын. Ауылдық жерде жұмыс істейтін ата-аналар аз болғандықтан, оларға салмақ салмау жағын ойластырамыз. Сөйтіп, кейбір зейінді оқушыларға өз қалтамнан ақша төлеп, жоғарыда айтылған үш байқауда бақтарын сынатамын. Бәрі жүлделі орындар алады. Өкініштісі, мұндай сайыстар онлайн өтеді, болашақта офлайн түрде ұйымдастырылса, оқушылардың дамуына үлкен септігін тигізер еді. Тегін өтетін байқауларға да қатысамыз, бірақ көп жағдайда дұрыс бағаланбай жатады. Бұл жағынан алып қарағанда, ақылы байқаулардың болғаны жөн, — дейді ол.

Конкурстың көздегені не?

Мұғалімдердің көбі мұндай ақылы байқауларға біліктілік санатын көтеру мақсатында балаларды қатыстыратынын айтады. Алайда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Павлодар облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалының директоры Роза Әшімбетова ақшамен ұйымдастырылатын конкурстардың көбі тиімсіз екенін алға тартып, ұстаздарды алданып қалмауға шақырады.

— Мен аттестациялық комис-сияның мүшесі болғандықтан, мұғалімдердің біліктілік санатын көтеруге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №514-ші бұйрығына кірмейтін барлық байқау жарамсыз екенін ескерткім келеді. Мұны білмейтін мамандар ақылы конкурстарға ақша төлеп қатысқандарын айтып, реніш білдіріп жатады. Ол мұғалімнің құзіреттілігін көрсетпейді. Қазір нарық заманы ғой, кейде базардан сапасыз нәрсе сатып алғаннан кейін ақшамыздың ақталмағанына налимыз. Дәл сол сияқты ақылы конкурстар да мұғалімге ешқандай пайда әкелмейді, яғни босқа ақша шашу деп есептеймін. Осындай жағдайға тап болмас үшін педагогтар қауымын мұқият болуға шақырамын. Әрине, ақылы байқауларға тыйым салуға ешкімнің құқығы жоқ. Себебі, ол да — біреудің бизнес көзі, — дейді ол. Сонымен қатар, Роза Дүйсенқызы ұстаздарды кәсіби сайыстарға қатысуға шақыруда.

— Мәселен, жақында «Педаго-гикалық идеялар панорамасы» деген конкурстың облыстық кезеңі басталды. Оның жеңімпаздары республикалық байқауға қатысады. Жүлделі орын алғандар дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болады. Меніңше, осы сияқты конкурстарға қатысқан дұрыс, — дейді филиал директоры.

Облыстағы талантты балалармен жұмыс істейтін бірден-бір мекеме — «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы басшысының міндетін атқарушы Жұлдыз Қадырқызы ақылы байқауларды ұйымдастыру артықтық етпейді, дейді.

— Ақылы конкурстар керек. Өйткені, көптеген жеке меншік мекемелер осындай байқаулар өткізіп жатады. Олардың сапасы нашар деп айта алмаймыз. Тапсырмалары да қызықты. Білім сыны болғандықтан балалар бәріне де қатысқаны жөн. Бірақ ешқандай мәжбүрлік жоқ қой. Ал біздің орталық тек ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген  тегін байқаулар ғана өткізеді. Бұдан бөлек, өз жобаларымыз бар. Бәрі ақысыз ұйымдастырылады. Ол үшін білім беру басқармасы және демеушілер арқылы қажетті қаражатты табамыз, — дейді Жұлдыз Қадырқызы.

Атап өтерлігі, аймағымыздан балалар арасында ақылы конкурс ұйымдастырумен айналысатын жеке меншік ұйымдарды іздеп таба алмадық. Мамандардың айтуынша, мұндай кәсіппен көбінесе «Қазтест», «Білім шыңы», «НИО», «ККО», «Дарын онлайн» және басқа да ұйымдар мен сайттар онлайн арқылы ақылы конкурс- тар ұйымдастырумен айналысатын көрінеді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мұндай ақылы конкурс өткізетін жеке меншік мекемелер берген дипломдар мен сертификаттар ресми болып есептелмейтіндігін және педагогтерді аттестаттау кезінде есепке алынбайтынын ескертеді. Сонда олардың көздегені не? Ақылы байқаулар өткізу арқылы оңай олжа тапқысы келетіндердің әрекеті заңсыз болса, жауапты органдар қайда қарап отыр? Жалпы, ешкімге абырой әкелмейтін, құр мақтан ретінде мұрағатта шаң басып тұратын саны көп, сапасы жоқ конкурстардан алған марапаттардан не ұтамыз? Көкейде сұрақ көп…

Нұржайна ШОДЫР.