Дәл қазір балабақшаға тіркелу үшін не істеу керек? Қандай жүйе арқылы кезекке тұра аламыз? Кімдерге жеңілдік жасалады?
Міне, осы және өзге де сұрақтар бойынша редакциямызға хабарласып жататын ата-аналар аз емес. Бұған қарап, оқу жылының басында осы салаға енгізілген жаңашылдықты түсінбей жүргендер бар екенін байқауға болады. Балабақшаға қатысты көпті толғандырған сұрақтарға біз де жауап іздеп көрдік. Сауалдарымызға Павлодар қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Құралай Кузеева жауап береді.
— Құралай Сайдоллақызы, қазіргі уақытта балабақшаға тіркелу, жолдама алу ісі қалай жүргізілуде? Яғни, ата-ана нені білуі тиіс?
— ҚР Оқу-ағарту министрлігі балабақ-шаларға орын бөлу ісінің ашықтығын және айқындығын қамтамасыз ету мақсатында балалардың кезектілігін есепке алудың бірыңғай базасын әзірледі. Сол бойынша балабақшада орын алу үшін кезекке қою туралы өтінімдер indigo24.kz порталы арқылы қабылданады. Көрсетілген сайтқа кіріп, «кезекке тұру» командасын таңдайсыз да, ондағы кезекке қою туралы өтінішті толтырасыз. Бұдан кейін жеке кабинетіңіздегі сауалнамаға жауап беріп, 4 балабақшаға дейін таңдауға құқығыңыз бар. Егер жеңілдігіңіз бар болса, сайт автоматты түрде өзі белгілейді. Өтініштің қабылданғаны туралы хабарлама телефоныңызға СМС түрінде келеді.
Балабақшада бос орындар пайда болған кезде бірыңғай база кезектегі алғашқы өтініш берушілер үшін автоматты түрде хабарлама жіберетін болады. Ата-ана бірден келісімін берсе, сол мектепке дейінгі ұйымға жолдама алады. Ол үшін міндетті түрде жеке кабинетінде қажетті құжаттарды және баланы балабақшаға қабылдауға өтініш беріп, электрондық шартқа қол қоюы қажет. Бұл ретте, ата-ана №065/у профилактикалық егу картасы, «Бала денсаулығы» паспорты, №052-2/у және №027/у нысанындағы анықтама сынды құжаттар тапсыруы қажет. Мектепке дейінгі мекеме шартқа қол қойған соң өтініш берушінің жеке кабинетіне баланы ұйымға қабылдағаны туралы хабарлама келеді. Егер ата-анасынан жауап алмаған жағдайда хабарлама екінші тәулік ішінде қайта жолданады. Бұл жолы да хабарламаға жауап болмаса немесе ата-анадан теріс жауап келсе, яғни қарсылық танытса, СМС хабарлама автоматты түрде келесі өтініш берушіге өтеді. Ал екі жұмыс күні ішінде ата-ана осы балабақша бойынша өз келісімін бермесе немесе хабарламаны елемесе, онда жүйе өтінішті уақытша мұрағатқа 10 жұмыс күніне жібереді. Сондай-ақ, өтініш беруші кезегі келген балабақшадан бас тартса, ол автоматты түрде осы мектепке дейінгі ұйымның кезегінен шығарылады. Бірақ қалған үш мекеме бойынша кезегі
сақталады.
— Балабақшамен қамту ісінде қандай санаттағы отбасының балаларына жеңілдіктер жасалады?
— Иә, бірқатар санатқа жататын отбасыларының балаларын мектепалды мекемелермен қамтуда жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтар болсақ, әскери және арнайы мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары қызметшілерінің балалары, оның ішінде қызмет өтеу кезінде қаза болған немесе із-түссіз жоғалып кеткен азаматтардың ұл-қыздарына жеңілдіктер беріледі. Сондай-ақ, бірінші кезектегі жеңілдіктерді ерекше білім беруді қажет ететін, заңды өкілдері мүгедек болып табылатын, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балғындар мен көпбалалы, мүгедек баласы бар отбасыларынан шыққан бүлдіршіндер, педагогтардың балалары иелене алады. Бірінші кезекте орын алу құқығы бар балалардың өтініштері кезектен тыс жеңілдіктерден кейін бірден қойылады. Алайда кезекте қарапайым өтініштерге қарай 1:3 арақатынасында орналастырылады. Яғни, бірінші кезекте орын алу құқығы бар баланың өтініші, одан кейін 3 қарапайым өтініш, содан кейін қайтадан бірінші кезекте орын алу құқығы бар баланың өтініші тұрады. Жеңілдіктер автоматты түрде мемлекеттік мәліметтер базасынан алынады. Бір сөзбен айтқанда, Indigo жеңілдіктің бар-жоғын өзі анықтай алады. Бұл жүйе өтініштердің мәртебесін автоматты түрде жаңартып, тиісті басымдығына сәйкес кезектегі орнын белгілейді.
— Әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларының балалары үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
— Әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларының балалары балабақшада тегін тамақтанады. Олардың қатарына көпбалалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын (АӘК), мемлекеттен ешқандай жәрдем алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балғындары, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, даму мүмкіндіктері шектеулі және мүгедектігі бар бүлдіршіндер жатады. Осы санаттағы сәбилердің ата-аналары мен заңды өкілдері жеңілдікті иелену үшін тиісті құжаттарын балабақшаға тапсыруы қажет.
— Ата-ана бақшаға барып жүрген баласын басқа мектепалды мекемеге ауыстыру үшін не істеуі керек? Яғни, өзі қалаған балабақшаға резервке тіркей ала ма?
— Баласының бақшасын ауыстырғысы келетін ата-ана алдымен ол барып жүрген балабақша басшысының атына өтініш жазып, сол мекемеден шығарып алады. Содан кейін ғана өзі қалаған мектепалды мекемеге қайтадан кезекке қойып, кезегі келгенін күтеді.
— Балабақшаларда инклюзивті білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеу мәселесі қалай шешілуде?
— Бүгінде Павлодар қаласы бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 7 арнайы балабақша жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, олардың қатарында №14, 26, 39, 49, 52, 82 және «NIMAT» жекеменшік арнайы мектепалды мекемесі бар. Қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (ҚПМПК) деректері бойынша осы санаттағы 1 200-ден аса бала, оның ішінде 500-і арнайы балабақшалармен, ал 350-ден астам бала инклюзивті біліммен қамтылған. Сонымен қатар, 68 логопунктте сөйлеу қабілеті бұзылған 1 547 балаға түзету көмегі беріледі.
Жалпы, шаһардағы мектепке дейінгі ұйымдардың штатына 62 логопед, 58 психолог, 7 әлеуметтік педагог кіреді. «Инклюзивті білім беру» тақырыбы бойынша 68 балабақшадан 186 педагог курстық дайындықтан өтті. Әр балаға жеке бейімделген бағдарлама жасалады және оны іске асыру барысында түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Дерек пен дәйек
Павлодар қаласында 85 мектепалды мекеме бар;
* * *
Оның ішінде 73 мемлекеттік,
10 жекеменшік балабақша, 2 шағын орталық бар;
* * *
Шаһар бойынша 17 мыңнан астам бала мектепалды мекемеге барып жүр;
* * *
1-6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиемен және оқумен қамту көрсеткіші 78,1%-ды, 2-6 жастағылар 90,1%-ды, 3-6 жас аралығындағылар 100%-ды
құрайды.
Нұржайна ШОДЫР.