Биылдан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігі балғындарды балабақша кезегіне қою және мектепке дейінгі мекемелерге қабылдау қағидаларына өзгеріс енгізді. Сол бойынша әр мектепалды ұйымның кезегі жеке құрылып, жүйе автоматтандырылған. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде осынау жаңашылдықты түсіндіру жұмыстары қызу жүргізілуде.

Сонымен, мектеп жасына дейінгі баласы бар ата-ана нені білуі тиіс? Балабақшадан қалай орын алуға болады? Бұл сұрақтар Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында талқыланды.  

Кезекке қалай тұрады?

Жаңа талап бойынша балабақшалардағы жалпы кезектілік жойылды. Яғни, бұрын әр өңірде балалардың туған жылдары бойынша жалпы кезек болса, енді әрбір бақшаның жеке кезегі құрылмақ. Осы мақсатта indigo-pavlodar автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мектепалды оқыту және тәрбиелеу секторының меңгерушісі Гүлбаршын Алтыбасарованың айтуынша, жаңа ережеге сәйкес, баланың ата-анасы немесе заңды өкілі оқыту тілін көрсете отырып, 1-ден 4-ке дейін өзі балабақшаны таңдайды. Содан кейін ғана кезекке тұруға өтініш береді. Сондай-ақ, ата-аналар сауалнамада көрсеткен балабақшалардағы кезек нөмірін екі түрлі жолмен бақылай алады. Атап айтар болсақ, жеке кабинеті (https://indigo-pavlodar.e-orda.kz/ru/cabinet/personal/login) немесе портал (https://indigo-pavlodar.e-orda.kz/ru/request/check) арқылы тексеруге болады. Бірақ мектепалды мекемеде кезекте тұрған баланың жеңілдікті иелену мәртебесі ауысқанда, оны түрлі себептерге байланысты сол тізімнен шығарғанда немесе балабақшада басқа да жағдайлар орын алса, кезек реті өзгеруі мүмкін.

— Балабақшада бос орындар пайда болған кезде бірыңғай база кезектегі алғашқы өтініш берушілер үшін автоматты түрде хабарлама жібереді. Ата-анасынан жауап алмаған жағдайда хабарлама екінші тәулік ішінде қайта жолданады. Егер бұл жолы да хабарламаға жауап болмаса немесе ата-анадан теріс жауап келген жағдайда (қарсылық танытса) SMS-хабарлама автоматты түрде келесі өтініш берушіге жіберіледі. Яғни, таңдалған балабақшада орын босаған кезде ата-ана SMS-хабарлама алады және қабылдағанын растауға келісуі тиіс. Ал екі жұмыс күні ішінде ата-ана осы балабақша бойынша өзінің келісімін бермесе немесе хабарламаны елемесе, онда жүйе өтінішті уақытша мұрағатқа 10 жұмыс күніне жібереді. Егер өтініш беруші кезегі келген балабақшадан бас тартса, ол автоматты түрде осы мектепке дейінгі ұйымның кезегінен шығарылады. Бірақ қалған үш мекеме бойынша кезегі сақталады, — дейді сектор меңгерушісі Гүлбаршын Алтыбасарова.

 

Жолдама алудың жолы қандай?

Жаңа ереже бойынша балабақшада орын босаған жағдайда алғашқы кезекте тұрған ата-анаға хабарлама келеді. Ол бірден келісімін берсе, сол мектепке дейінгі ұйымға жолдама алады. Ол үшін міндетті түрде жеке кабинетінде қажетті құжаттарды және баланы балабақшаға қабылдауға өтініш беріп, электрондық шартқа қол қоюы қажет. Осы орайда ата-ана №065/у профилактикалық егу картасы, «Бала денсаулығы» паспорты, №052-2/у және №027/у нысанындағы анықтама сынды құжаттар тапсыруы тиіс. Бұдан кейін, яғни мектепке дейінгі мекеме шартқа қол қойған соң өтініш берушінің жеке кабинетіне баланы ұйымға қабылдағаны туралы хабарлама келеді.

Жалпы, баланың кезегі бірінші орынға келіп тұрса, еш кедергісіз жолдама алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, балабақшада бос орындар бар болса, бірақ бала онда кезекте тұрмаса, ата-ана бірден баласын кезекке қоюға өтініш беріп, содан кейін жолдамаға қол жеткізе алады.

Айта кетерлігі, жаңа жүйе бойынша кезектен тыс тізімге қойылатын талаптар өзгерген жоқ. Яғни, әскери сала қызмет-керлері, арнаулы мемлекеттік органдардың, құқық қорғау қызметінің, мемлекеттік фельдъегерлік байланыс өкілдерінің балаларына бұрынғыдай балабақшаға кезексіз қабылдауға мүмкіндік берілген. Ол үшін аталған санатқа жататындар тиісті құжаттарын өз бетінше тіркеп, білім бөліміне бекітуге жіберуі қажет.

— Бірінші кезектегілердің тізіміне педагогтардың балалары, заңды өкілдері мүгедек болып табылатын балғындар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар, көпбалалы отбасылардан шыққан бүлдіршіндер, мүмкіндігі шектеулі және мүгедек баласы бар отбасылардың балалары кіреді. Бұл тізімге денсаулық сақтау саласы  қызметкерлерінің балалары да қосылды. Бірінші кезектегі жеңілдіктер автоматты түрде мемлекеттік мәліметтер базасынан алынады, — дейді Гүлбаршын Алтыбасарова. Оның айтуынша, егер тәрбиеленуші санаторлық балабақшаға уақытша кеткен жағдайда орны толық сақталатын болады. Сонымен қатар, ата-ана бастапқы таңдауын өзгертіп, баласын басқа мектепке дейінгі мекемеге кезекке қоюға да құқылы. Ол үшін электрондық шартты бұзып, жолдама алу үшін қайта кезекке тұруға өтініш береді. Алдымен ата-ана  балабақшамен шартты бұзу үшін мектепке дейінгі ұйым басшысының атына өтініш жазуы керек, содан кейін балабақша баланы ұйымдағы кезектен шығара алады.

 

Нені білу керек?

Бұған дейін баласы балабақша тізіміндегі жалпы кезекте тұрған ата-аналар жаңа жүйенің ережесі бойынша жеке кабинетіне кіру арқылы өтініштерін өзгертуі тиіс, дейді мамандар. Яғни, олар қайтадан кезекке тұрмайды, тек өтінішінде баласын нақты қандай бақшаларға беретінін көрсетуі қажет. Сөз басында айтып өткеніміздей, мектепалды 4 мекемені таңдауға құқылы.

Ескеретін тағы бір жайт, өтініш берушілер міндетті түрде жеке кабинетіндегі сауалнамасы бар бөлімді тауып, тілдер мен балабақшалар туралы мәліметтерді көрсете отырып, оны толтыруы керек. Себебі, жүйені ауыстыру кезінде пайдаланушы сауалнаманы дұрыс толтырмаса және балабақшаларды таңдап көрсетпесе, ол кезекке қойылмайды әрі өтініші тоқтату парағына шығарылады. Сондай-ақ, ата-аналарға Іndigo ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинетіне кіру деректерін бөтен адамдарға беруге тыйым салынған. Оны тек иесі ғана пайдалана алады. Балабақшаға жолдаманы баланың заңды өкілі, яғни жеке кабинеттің иесі ғана алуы тиіс. Іndigo сервисінің техникалық қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, ақпараттық жүйе тәртіп бұзушылықтарды анықтау мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізіп тұратын болады.

Дерек пен дәйек

Павлодар қаласында мектепке дейінгі 85 ұйым бар. Оның ішінде 73 мемлекеттік балабақша, 2 шағын орталық, 10 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым тіркелген;

*  *  *

Қала бойынша 17 мыңнан астам тәрбиеленуші бар;

*  *  *

Шаһардағы 15 мектепте 335 балаға арналған 22 мектепалды сынып жұмыс істейді;

*  *  *

1 — 6 жасқа дейінгі қалалық балалардың 78 пайызы бақшамен қамтылған;

*  *  *

3 — 6 жасқа дейінгі балғындарды мектепалды тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.

 

Нұржайна ШОДЫР.