Дәл осылай деген павлодарлық ана жақында редакциямызға қоңырау шалып, бюджеттік балабақшалардың ішінде ақылы үйірмелердің ашылуына наразылық білдірді. Шынымен де, өңірдегі бірқатар мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәрбиеленушілерге ақылы қызметтер көрсетіліп жатқанына көз жеткіздік. Бұл қаншалықты заңды? Бұдан балабақшаға келіп-кетер қандай пайда бар? Ашуға булыққан ананың талап-тілегі орынды ма?
Өзін Әсел деп таныстырған Павлодар қаласының тұрғыны балалары баратын бақшада ақылы үйірмелердің ашылуы ата-аналардың қалтасына әжептәуір салмақ түсіріп жатқанын айтады.
— Екі балам мемлекеттік бақшада тәрбиеленуде. Биыл сол мекемеде бірнеше ақылы үйірме ашылды. Топтағы балалар топырлап барған соң менің ұлдарым да қызығып, қатысқылары келетіндерін айтты. Амалсыздан екеуін де қатарынан қалдырмай ақылы үйірмелерге бердім. Бірақ бірінші айдан-ақ қалтамды қақты. Яғни, қос ұлым үшін бақшаға бір айда тамағын қоса есептегенде 60 мыңға жуық теңге төледім. Ай сайын банкке төлейтін несиелерім, үйдің жалдау ақысы, күнделікті алатын азық-түлік, басқа да қажеттіліктеріміз бар болғандықтан қиналып кеттік.
Әрине, балабақшаның ішінде балаларды дамыту үшін түрлі үйірмелер ашылғанын қолдаймын, бірақ неге тегін болмасқа?! Онсыз да ай сайын балалар үшін аз ақша төлеп отырған жоқпыз ғой. Балабақша неге бизнес көзіне айналып барады? Бұған тыйым бар ма? — деген ренішін білдірді.
Бұл жағдайдан кейін мәселенің мән-жайын білу үшін облыстық білім беру басқармасының мамандарына хабарластық. Олар мұндай ақылы үйірмелер ауылдардағы балабақшаларда атымен жоқ екенін айтып, тек бала саны көп қалалық мектепке дейінгі мекемелерде ғана ашылып жатқанын алға тартты. Сондай-ақ, аталған мәселе жөнінде толық ақпарат алу үшін қалалық білім беру бөлімдеріне хабарласуымызды сұрады. Құп делік. Сөйтіп, алдымен облыс орталығындағы бірнеше мектепке дейінгі мекеме басшыларымен тілдесіп, орын алған жағдай бойынша ой-пікірлерін білгенді жөн көрдік. Солардың бірі – Павлодар қаласындағы №57 сәбилер бақшасының директоры Гүлмира Жақанова өзі басшылық етіп отырған мекемеде былтырдан бері ақылы үйірмелер ашылғанын алға тартты. Сондай-ақ, одан түскен қаражатқа балабақшаға қажетті ойыншықтар сатып алынып жатқанын жеткізді.
— Шаһардағы №57 балабақша мемлекеттік–қазыналық кәсіпорын болғандықтан ақылы қызметтер көрсетуге құқығымыз бар. Мекеме ішінде бірнеше ақылы үйірме ашылған. Атап айтар болсақ, шағын футбол, сөйлеу тілі бұзылған балаларға арналған логопед сабағы, ән үйрету, мектепке дайындау сынды үйірмелер жұмыс істейді. Оларды өткізудің өз ережелері, тәртібі бар. Ал бұл үйірмелерге баласын беру немесе бермеу ата-ананың өз таңдауы. Яғни, біз ешкімді күштеп мәжбүрлемейміз. Мәселен, шағын футболға 20 бала қатысады. Өзгелеріне баратын бала саны аздау. Балабақша үшін мұндай ақылы қызметтің артықшылықтары көп екенін байқадық. Олай дейтінім, биыл балаларға арнап 1 млн теңгеге ойыншықтар сатып алдық. Жақында тағы да 1,5 млн теңгеге тапсырыс бердім. Бұл — балалар үшін үлкен көмек. Үкіметке қарап, қол жайып отырғанша, осындай қосымша қаражатқа қажет дүниелерді өзіміз алғанның айыбы жоқ деп ойлаймын. Жалпы, бізде ақылы үйірмелерге баратын бала саны соншалықты көп емес. Кейбір балабақшаларда балғындардың 50 пайыздан астамы баратынын естідім, — дейді мекеме басшысы. Оның айтуынша, үйірмелерді бала-бақшада еңбек ететін мамандар жұмыстан тыс уақытта жүргізеді.
— Мекемедегі логопед, дене шынықтыру сабағының мұғалімдері таңертеңнен түске дейін ғана еңбек етеді. Яғни, мемлекеттік балабақшаларда мұндай тегін сабақтар аптасына екі рет қана болады. Ал түстен кейін (балғындар ұйқыдан тұрғаннан соң) олар ақылы үйірмелерге баратын жеткіншектермен жұмыс істейді. Менің ойымша, мұндай қосымша үйірмелер тәрбиеленушілер үшін де, ата-аналар үшін де жақсы мүмкіндік емес пе?! Онсыз да кейбір ата-ана баласын басқа жаққа апарып, сағаттап күтіп отырады. Мысалы, 5 жастағы даярлық тобындағы баланың зейіні жарты сағатқа ғана шоғырланған. Одан ары қарай сабақты қабылдамайды. Сондықтан балаға артық жүктеме салып, қинаудың қажеті жоқ. Мен осы салада 33 жыл жұмыс істеп келемін, балалардың жағдайын жақсы білемін, — деген Гүлмира Амантайқызы бақша ішіндегі үйірмелерге сенім артуға болатынын айтады.
Ал аймақтағы кейбір балабақ-шаларда ақылы үйірмелерді ашу жұмыстары енді ғана қолға алынып жатқан көрінеді.
— Бұған дейін біздің мекемеде ақылы үйірмелер мүлдем болған жоқ. Бірақ көп кешікпей, яғни 1 желтоқсаннан бастап мектепке дайындау, шахмат, дойбы, каратэ, басқа да спорттық үйірмелерді ақылы түрде ашуды жоспарлап отырмыз. Себебі, ата-аналар тарапынан сұраныс бар. Негізі, осы оқу жылының басында ашайық дегенбіз, алайда мамандар болған жоқ. Қазір бұл мәселені шешіп, кабинеттерді реттеп, балабақша бағдарламасында жоқ үйірмелерді біртіндеп ашамыз деген жоспар бар, — дейді Павлодар қаласын-дағы №34 сәбилер бақшасының директоры Шолпан Жүнісова. Бұл ретте, ерекше білім беру бағытындағы мектепалды мекеме-лердегі жағдай қалай екен деген сауал туындайтыны сөзсіз. Осы сұраққа жауап алу үшін облыс орталығындағы №14 балабақша директорына хабарластық.
— Біздің мекеме бюджеттік әрі логопедиялық бақша болғандықтан ақылы үйірмелер ашпаймыз. Осындағы сөйлеу тілі бұзылған барлық балаға психолог, логопед, дефектолог мамандар тегін қызмет көрсетіп, аянбай жұмыс істеуде, — дейді аталмыш мектепалды мекеме директоры Гүлнасиф Жаншакимова.
Біздің байқағанымыз, қаладағы әр балабақшадағы жағдай әр түрлі екен. Бір анығы, нарық заманы болғандықтан ба, соңғы уақытта мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердің қайсысында мүмкіндік бар, соның бәрінде ақылы үйірмелер ашылуда. Алайда бұл жағдайға кейбір ата-аналар қарсылық танытса, кейбірі кері-сінше қолдау білдіруде. Солардың бірі — Павлодар қаласының тұрғыны Ақгүл Асқарқызы:
— Менің 5 жасар қызым №5 бала-бақшаның мектепалды даярлық тобына барады. Келесі күзде оқушы қатарына қосылады. Сол үшін оны қосымша мектепке дайындық курстарына апаруды жоспарлап жүрген едім. Қуантарлығы, өз бақшамызда сауат ашу, математика үйірмелері ашылды. Қызымды соған беріп қойдым. Аптасына үш рет барады. Бағасы да қолжетімді, яғни бір айға 5-6 мың теңге ғана төлеймін. Өз басым балабақшада осындай үйірмелердің ашылғанын құптаймын. Әсіресе, жұмысбасты ата-аналар үшін үлкен көмек деп білемін, — дейді.
Осы мәселеге қатысты тәрбиешілердің пікірі де екіге жарылуда. Бірі балалардың ақылы үйірмелерге барып, бағдарламадан тыс қосымша біліммен қамтылғаны жөн екенін алға тартады. Енді біреуі бұл жағдай мүлдем дұрыс емес деген пікірде.
— Мемлекеттік мекеме ішінде ақылы білім берудің ар жағында ақша тұрғаны барлығымызға белгілі. Мұның соңы әлеуметтік теңсіздікке алып келе жатыр. Олай дейтінім, менің тобымдағы 5-6 ұл ақылы түрде бақша ішіндегі футбол үйірмесіне барады. Жаттықтырушының айтуы- мен арнайы киімдер де сатып алыпты. Жақында толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан бір балам сол үйірмеге кетіп жатқан қатарластарына қызығып, олармен бірге барғысы келіп, жылап қалды. Бала ғой, бәріне қызығады. Оны аяп, анасымен жеке сөйлесіп едім, жағдайы жоқ екенін айтты. Сөйтіп, ертеңінде әлгі балаға өзгелері «сен кеше неге футболға бармадың, ақшаң жоқ па, анаң тауып бере алмай ма?» деген сияқты әңгімелер айтып, тергеп жатқанын байқап қалдым. Ана ретінде өзімнің де жүрегім ауырды. Қазір 4-5 жастағы балалар осындай әңгіме айтуда. Мұның соңы ертең қоғамда әлеуметтік теңсіздік туғызбасына кім кепіл? Сондықтан балабақшада осылай тәрбиеленушілерді алалап-құлалаған дұрыс емес деп ойлаймын. Қай ата-ана баласының түрлі үйірмеге барғанын қаламайды? Егер тегін үйірмелер ашылса, ешқайсысы бас тартпас еді. Тіпті, бүгінде бақша түгілі мектептер мен колледж, университеттердегі үйірмелер де тегін қызмет көрсетеді. Неге балабақшаларда бизнес жасауға жол беріліп жатыр? Неге балаларды пайдаланып, солардың есебінен біреулер қалтасын қампитуы қажет? Бүйте берсе, болашағымыз не болады? — дейді аты-жөнін ашық айтқысы келмеген тәжірибелі тәрбиеші.
Сонымен, жоғарыда айтқаны-мыздай, облыстық білім беру басқармасының мамандары жол сілтеген қалалық білім беру бөліміне де хабарластық. Мұндағы мектепке дейінгі мекемелер секторының меңгерушісі Гүлбаршын Алтыба-сарованың аталған мәселеге қатысты өз айтары бар екен.
— Білім туралы Заңда мемлекеттік балабақшаларда ақылы қызметтер көрсетуге рұқсат берілген. Бірақ ақылы үйірмелерге баланы апару немесе апармау әр ата-ананың өз еркі. Айта кетерлігі, қаладағы балабақшаларда ақылы үйірмелер ашпас бұрын, яғни алдымен ата-аналар арасында сауалнамалар жүргізілді. Соның нәтижесінде, көпшілік тарапынан сұраныс, қолдау болғаннан кейін ғана мектепке дейінгі мекемелерге рұқсат берілуде. Сонымен қатар, мұндай үйірмелер барлық балабақшада жоқ. Тек қайсысының мүмкіндігі бар, соларда ғана ашылуда. Мысалы, бір мекемеде қосымша сабақ өткізетін орын болмауы мүмкін. Осындай жағдайдың бәрі ескеріледі. Ал үйірме жетекшілері балабақша ішінен, ал жетпеген мамандар сырттан шақырылады. Олардың жалақысы қалай есептеледі, табыстың қанша пайызы маманға, қаншасы бақшаға төленеді, қызметтің бағасы неше теңге деген сұрақтардың барлығын мектепалды мекеменің бухалтерлері есептейді. Сондай-ақ, үйірмелерден түскен қосымша табыс үшін мемлекетке салық төленеді. Бір сөзбен айтқанда, барлық іс-шара ақылы қызметтер көрсету туралы заң аясында ашық түрде жүргізіледі. Ал ақылы үйірмелерден түскен қосымша қаражат балабақшаның қажеттіліктеріне жұмсалады, — дейді Гүлбаршын Қалқаманқызы.
Осылайша, балабақшалардағы ақылы үйірмелерге қатысты әркім әр түрлі уәж айтуда. Бірі дұрыс, енді бірі бұрыс дейді. Қалай десек те, мәселе ақшаға қатысты болғанда алдымен әлеуметтік тұрмысы әлсіз отбасыларының балалары зардап шегетіні сөзсіз.
Анау-мынау емес, мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердегі бұл жағдай әлгі тәрбиеші айтқандай қоғамда әлеуметтік теңсіздіктің белең алуына түрткі болмаса болғаны. Балалардың барлығы бақытты болуы үшін жаралған. Алайда нарықтың салдарынан орын алып жатқан осындай жағдайлар «Үсендердің» үмітін үзбесе екен дейміз.
Нұржайна ШОДЫР.